Кондиционер, балкон және қасбет: Астананың жаңа дизайн-коды нені өзгертеді?
Астанада жаңа дизайн-кодтың жобасы жарияланды. Құжатта ғимараттардың қасбеті, түсі, балкондары, кондиционерлері, шатырлары, жарықтандыруы мен аулаларын абаттандыруға қатысты нақты талаптар ұсынылған. Қазір жоба қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр.

Астана әкімдігінің сайтында елорданың жаңа дизайн-кодының жобасы жарияланды. Құжат қаланың сәулеттік келбетін біріздендіруге бағытталған.
Қандай ғимараттарға талап күшейеді?
Ғимараттар төрт санатқа бөлінеді:
- А санаты – әкімшілік ғимараттар, білім, денсаулық сақтау, мәдениет нысандары және магистраль көшелердің бірінші желісіндегі үйлер;
- Б санаты – тұрғын үй кешендері, сауда және кеңсе орталықтары, қонақүйлер;
- В санаты – аз қабатты тұрғын үйлер мен өндірістік нысандар;
- Г санаты – уақытша павильондар мен техникалық құрылыстар.
Қасбеттерге қойылатын талаптар
А және Б санатындағы ғимараттардың қасбеті:
- іргетас, негізгі бөлік және жоғарғы бөлік болып көрнекі түрде бөлінуі тиіс;
- ұзындығы 40 метрден асатын тұтас қабырғаларға жол берілмейді. Олар витраж немесе басқа сәулеттік элементтермен толықтырылуы керек;
- қаптауда өзара үйлесетін үш материалдан артық қолдануға болмайды.
Қандай материалдарға шектеу қойылады?
Қасбетте:
- профнастил;
- ПВХ-сайдинг;
- жай сылақ;
- баннер матасы;
- пластиктен жасалған кірпіш, тас немесе ағашқа ұқсас панельдер;
- ашық бекітілетін сэндвич-панельдер;
- әрлеуге арналған пленка және рулон материалдары;
- сыртқы әрлеусіз бетон, газоблок және шлакоблок қолдануға болмайды.
Түстер қалай таңдалады?
Жоба бойынша:
- қасбеттің кемінде 60%-ын ашық, бейтарап немесе жұмсақ түстер құрауы тиіс;
- 30%-ға дейін сәулеттік бөлшектерге арналған қосымша түс қолдануға болады;
- 10%-дан аспайтын бөлігіне екпін беретін түс пайдалануға рұқсат етіледі.
Балкондар мен кондиционерлер
Ғимарат қайта жаңғыртылған кезде:
- балкондар мен лоджиялар бірдей үлгіде әйнектелуі;
- терезе жақтауларының түсі;
- терезе пішіні;
- қасбеттің сәндік элементтері бірыңғай стильде болуы тиіс.
Кондиционердің сыртқы блогын магистраль көшелерге қараған қасбетке ашық орнатуға болмайды. Олар тек аула жағында, шатырда, техникалық орында немесе арнайы сәндік қораптың ішінде орналастырылуы қажет.
Сондай-ақ кондиционерден аққан суды тротуарға, кіреберіске немесе қасбетке ағызуға тыйым салынады.
Шатырлар мен жарықтандыру
Шатырларды қайта жөндеу кезінде кірпіштің табиғи түсіне жақын қоңыр-қызыл, терракота немесе қою қызыл түстерді пайдалану ұсынылады. Ашық әрі көзге оғаш түстерге жол берілмейді.
Магистраль көшелерге қараған ғимараттарда сәулеттік жарықтандыру міндетті болуы мүмкін. Түнгі 00:00-ден кейін жарық бәсеңдетіліп, сағат 01:00-де кезекші жарықтан басқа жарық өшіріледі.
Аулаларда не өзгереді?
Жобаға сәйкес:
- балалар алаңдары жас ерекшелігіне қарай бөлінеді;
- көлеңкелік шатырлар мен ағаштар міндетті болады;
- демалыс аймақтарында автотұрақтарға жол берілмейді;
- тұрғын үй кешендерінің кемінде 30%-ы көгалдандырылуы тиіс;
- әр бес автотұрақ орнына бір ағаш отырғызу ұсынылады;
- әр тұрғын үйдің терезесінен кемінде үш ағаш көрініп тұруы қажет.
Қазір бұл құжат қоғамдық талқылау кезеңінде. Қабылданған жағдайда талаптар ең алдымен жаңа және қайта жаңғыртылатын нысандарға қолданылады.



