Қоғам

Астанада алтынды қалай тазартып, индустриялық паркте не өндіреді?

Астанадағы №1 Индустриялық паркте журналистерге еліміздегі ең ірі алтын тазарту зауыты «Тау-Кен Алтын» мен жақында ашылған TAZAU тазарту құрылғылары зауыты таныстырылды. Пресс-тур барысында елордадағы өндірістің жаңа мүмкіндіктері мен заманауи технологиялары көрсетілді.

Пресс-турды Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы ұйымдастырды. Мақсаты отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін, инновациялық технологияларын және өнеркәсіп саласындағы жетістіктерін таныстыру.

Алғашқы нысан – еліміздегі ең ірі алтын аффинаж зауыты «Тау-Кен Алтын». Кәсіпорын 2013 жылдан бері жұмыс істейді және құрамында алтыны бар шикізатты қабылдаудан бастап халықаралық стандартқа сай құйма мен алтын түйіршіктерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асырады.

Техникалық директор Зекаил Тюлюбаевтың айтуынша, зауытта 80 жоғары білікті маман еңбек етеді.

«Өткен жылы 56 тонна тазартылған алтын мен 6 тонна тазартылған күміс өндірдік», – деді ол.

Журналистер сондай-ақ Астана күні қарсаңында ашылған TAZAU зауытына барды. Мұнда блочно-модульді тазарту құрылыстары, кәріздік тазарту жүйелері мен кәріздік сорғы станциялары шығарылады.

Зауыттың бас директоры Андрей Беляевтың айтуынша, кәсіпорын биылғы жылдың соңына дейін толық өндірістік қуатқа шығуды жоспарлап отыр.

«Қазақстан бойынша мыңға жуық жобаны жүзеге асырдық. Біздің басты ерекшелігіміз – тазарту құрылғылары полипропиленнен жасалады. Бұл материал беріктігі мен ылғалға төзімділігі жағынан темірбетоннан әлдеқайда тиімді», – деді ол.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл кәсіпорындар елорданың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және қаланың экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button