Ұлытаудың өнері мен креативі Астананы тәнті етті
Астанада өткен Creative Aimaq көрме-жәрмеңкесі өз жұмысын аяқтап, Ұлытау өңірінің креативті әлеуетін кеңінен танытты.
Биылғы жобаның басты ерекшелігі — Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасын ұлттық өнер мен заманауи креативті индустриялар арқылы насихаттау болды.
Қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық қолөнер бұйымдары, этно-сән үлгілері, дизайнерлік жұмыстар және цифрлық жобалар көпшілік назарына ұсынылды.
Көрме аясында өңір шеберлері мен кәсіпкерлері өз өнімдерін елорда тұрғындары мен қонақтарына таныстырып қана қоймай, оларды сатуға да мүмкіндік алды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 18–19 шілде күндері өткен көрме-жәрмеңкеге 6 мыңға жуық адам келді. Нәтижесінде Ұлытау өңірі креаторларының өнімдерінен жалпы сомасы 6 миллион теңгеге сатылым жасалды.
Осылайша, Creative Aimaq жобасы Ұлытаудың бай мәдени мұрасын елорда жұртшылығына таныстырып қана қоймай, өңірдегі креативті экономиканың дамуына жаңа серпін берген маңызды алаңға айналды.



