Тозығы жеткен үйлердің орнына заманауи баспана: Астанада жаңа жоба іске қосылды
Байқоңыр ауданында «Дармен-1» тұрғын үй кешенінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл – елордадағы реновация бағдарламасы аясында жеке инвестор қаржысына салынған алғашқы тұрғын үй жобасы.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қаңтарында басталып, небәрі 17 айдың ішінде толық аяқталған. Жаңа тұрғын үй кешені екі кіреберістен және 158 пәтерден тұрады.
Жоба ескі, тозығы жеткен үйлердің орнына заманауи тұрғын үй салу арқылы аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Мұндай тәсіл тұрғындарға қаланың басқа бөлігіне көшпей-ақ жаңа әрі жайлы баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоба жетекшісі Олжас Ақыбаевтың айтуынша, тұрғын үй кешеніндегі пәтер санының аз болуы тұрғындарға жайлы әрі тыныш орта қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл жоба реновация бағдарламасына жеке инвестиция тартудың тиімділігін көрсететін алғашқы мысалдардың бірі.
Байқоңыр ауданының тұрғыны Аслан соңғы жылдары ауданның келбеті айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Оның сөзінше, жаңа гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер ашылып, көшелер абаттандырылып, ескі үйлердің орнына заманауи тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Бұл оң жағалаудың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
«Дармен-1» тұрғын үй кешені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реновация бағдарламасы аясында тұрғын үй қорын жаңғыртуға жеке инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасы негізінде жүзеге асқан алғашқы жоба саналады.
Ашылу рәсіміне Байқоңыр ауданының әкімі, мемлекеттік органдардың өкілдері, құрылыс компаниясының басшылығы, жаңа тұрғындар мен серіктестер қатысты.
Жоба елордадағы тозығы жеткен тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңартып, қаланың ескі аудандарын заманауи талаптарға сай дамыту бағытындағы маңызды қадам ретінде бағалануда.



