Қоғам

Агроөндірістен кадр даярлауға дейін: Павлодар облысындағы кездесулерде қандай мәселелер көтерілді

Ауыл шаруашылығын қаржыландыру, өңірлерге қажетті мамандар даярлау, ғылым мен өндірістің байланысын күшейту, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу — Павлодар облысында «Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар өткізген кездесулердің өзегіне айналды. Кездесулер түрлі алаңда — жұмыс істеп тұрған агрокәсіпорыннан бастап ғалымдар, ұстаздар және жастармен жүздесуге дейін жалғасты. Алайда көтерілген мәселелердің түпкі мәні бір-бірімен тығыз сабақтас екені аңғарылды.

Осындай кездесулердің бірі Набережное ауылындағы «AndasAgro» ЖШС-де өтті. Кәсіпорын бірнеше бағытты қатар алып келеді: көкөніс өсіріп, оны сақтаумен айналысады, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, соның ішінде тұқымдық өнім өндіреді, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытып отыр.

Шаруашылық ұжымымен кандидаттар Ернар Джакишев пен Бекен Сағындықұлы кездесті. Әңгіме ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының күнделікті жұмысы мен алдағы дамуына тікелей әсер ететін мәселелер төңірегінде өрбіді. Қаржыға қолжетімділік, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі және өндірісті ұзақ мерзімге жоспарлау мүмкіндігі негізгі тақырыптардың қатарында болды.

Бірнеше бағытта қатар жұмыс істейтін шаруашылықтар үшін қолдау шараларының өндірістің жекелеген салаларын ғана емес, тұтас циклді қамтуы айрықша маңызды. Өсімдік шаруашылығы, өнімді сақтау, мал өсіру, материалдық-техникалық базаны жаңарту әртүрлі шығынды қажет етеді. Алайда нақты өндірісте олардың барлығы бір-бірімен ажырағысыз байланыста.

Кездесуге қатысушылар аграршыларға қазіргі өндіріс көлемін сақтап қана қоймай, одан әрі дамуға инвестиция салуға мүмкіндік беретін қаржы тетіктерін талқылады. Бұл мәселелер «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында да қамтылған. Онда тауар өндірушілер үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру көзделген.

Алайда аграрлық саланың орнықтылығы тек қаржыға тірелмейді. Өңірлер үшін ең өткір мәселелердің бірі — білікті кадр тапшылығы.

Бұл тақырыпты кандидаттар София Абдуразакова мен Бекен Сағындықұлы Павлодарда ғылыми қауым өкілдерімен, профессорлар және оқытушылармен талқылады.

Негізгі мәселе — бүгінгі білім беру жүйесінің нақты экономика сұранысына қаншалықты жауап беретіні. Бұл өңірлер үшін әсіресе маңызды. Кәсіпорындарға білікті, заманауи өндірісте жұмыс істей алатын мамандар қажет. Ал мектеп пен колледж түлектері өз болашағын туған ауданымен немесе облысымен байланыстыра бермейді.

Партия бағдарламасындағы ұсыныстардың бірі — оқу-өндірістік кешендерді қайта жандандырып, жұмыс берушілермен бірлесіп мектептерде бейіндік сыныптар ашу. Мұндай тәсіл оқушыға мамандықтар әлемімен мектеп қабырғасынан танысып, алған білімін келешекте қай салада және қалай қолдана алатынын ертерек түсінуге мүмкіндік береді.

Ауылдық жерлер мен агроөнеркәсіп кешеніне қажетті кадр даярлау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Агроколледждер мен аграрлық жоғары оқу орындарының базасында оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын дамыту, сондай-ақ ауыл жастарының өңірлерде сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне көбірек мүмкіндік беру жөнінде сөз болды.

Осы мәселенің жалғасы ретінде «Ауылдан диплом алуға, қайтадан ауылға — жұмыс, баспана және болашақпен!» бастамасы да талқыланды. Оның мәні — білім алу жас маман үшін туған ауылынан біржола көшіп кетудің синониміне айналмауы тиіс. Керісінше, оқуын аяқтаған соң елге оралып, өз өңірінде еңбек етіп, баспана алып, болашағын сол жерде құруға жағдай жасалуы қажет.

Кездесуде отандық ғылымның жай-күйі де маңызды тақырыпқа айналды. Қатысушылар ғылыми зерттеулердің нақты өндірістік міндеттермен байланысын күшейту қажеттігін атап өтті. Партия бағдарламасында зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру және толық циклді отандық технологияларды дамыту қарастырылған. Аграрлық салада бұл, ең алдымен, тұқым шаруашылығы, асыл тұқымды мал өсіру және ауыл шаруашылығы техникасы сияқты бағыттарға қатысты.

Өңірлердің келешегі туралы әңгіменің жалғасы Павлодардағы Ертіс жағасында өткен жастармен кездесуде өрбіді. Оған Николай Арсютюн, Ернар Джакишев және Бекен Сағындықұлы қатысты.

Бұл жолы сөз жастардың өздерін тікелей толғандыратын мәселелерге ойысты: білім алу, кәсіби өсу, жұмысқа орналасу, кәсіп бастау және өз бастамаларын жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Еркін форматта өткен кездесу қатысушыларға жастардың өз болашағын туған өңірінде құруы үшін бүгін қандай жағдай қажет екенін ашық айтуға мүмкіндік берді.

Бір қарағанда, агрокәсіпорындағы кездесу, ұстаздар мен ғалымдар бас қосқан аудитория және жастармен ашық әңгіме — бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі алаң. Алайда онда көтерілген мәселелер бір-бірін толықтырып, тұтас бір жүйені құрайды.

Кәсіпорынға — қолжетімді қаржы мен дамуға мүмкіндік беретін тұрақты жағдай қажет. Өңір экономикасына — заманауи өндірісте еңбек ете алатын білікті маман керек. Білім беру жүйесіне — жұмыс берушілермен тығыз байланыс қажет. Ал жастарға — мамандық алып, жұмыс тауып, өз болашағын елдің ең ірі қалаларынан ғана емес, туған өңірінен де көре алатын мүмкіндік керек.

Бүгінде өңір дамуына дәл осындай өзара байланыс тұрғысынан қарау маңызды. Өндірісті, білімді немесе жұмыспен қамтуды бір-бірінен бөлек дамыту жеткіліксіз. Нәтиже осы бағыттардың қаншалықты үйлесімді жұмыс істейтініне байланысты: мектептегі кәсіптік бағдардан бастап маман даярлауға, ғылымнан кәсіпорындарды қаржыландыруға, жергілікті жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға дейінгі барлық буын бір жүйеге айналғанда ғана өңірдің орнықты дамуына негіз қаланады.

Шығарған ұйым: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Тапсырыс беруші: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Төленді: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің сайлау қорының қаражаты есебінен.

Басқа жаңалықтар

Back to top button