«Бір ауыл – бір өнім» жобасының 10 финалисі анықталды
Астанада жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 10 финалисі анықталды. Үздік кәсіпкерлер өндірісті дамытуға арналған 5 млн теңгелік грантқа ие болу мүмкіндігіне ие.

Жобаның қорытынды кезеңінде кәсіпкерлер өз өнімдерін Бренд-комитет мүшелеріне таныстырып, олардың ерекшелігі, сапасы және нарықтағы даму мүмкіндіктері туралы айтып берді. Жаңа тәртіп бойынша биыл жоба аясында финалистер саны 10-ға дейін ұлғайтылды.
Финалға өткен кәсіпкерлердің өнімдері сан алуан. Олардың қатарында әскери-тарихи қалайы миниатюралары, киіз картиналар, табиғи косметика, авторлық керамика, былғары етік, құрттың түрлі түрлері, глютенсіз жартылай фабрикаттар, сазсырнай, өрік дәндері және пряниктер бар.
Жобаның 10 финалисі:
- Ернар Нұрмағамбетов – әскери-тарихи қалайы миниатюралары;
- Айгүл Қасымова – киізден жасалған картиналар;
- Ляззат Қалимолдаева – табиғи сабын, сусабын және шашқа арналған кондиционерлер;
- Алия Байменова – авторлық керамика;
- Бақытхан Секейхан – былғары етік;
- Жазира Төлегенова – құрт өнімдері;
- Қарашаш Сүлейменова – глютенсіз жартылай фабрикаттар;
- Аятолла Жұмабеков – сазсырнай және керамикалық бұйымдар;
- Шәрібек Ахметова – өрік дәндері;
- Шолпан Смағұлова – пряниктер.
Финалистер 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грантқа үміткер бола алады. Қаржылай қолдаудан бөлек, оларға маркетинг, SMM, брендинг, қаптама әзірлеу, маркетплейстермен жұмыс істеу және өнімді нарыққа шығару бағыттарында көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ кәсіпкерлерге өнімді стандарттау, штрих-код алу және тауар белгісін тіркеу бойынша кеңес беріледі. Үздік жобалардың сауда желілері мен дүкендерге шығуына да қолдау көрсетіледі.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Астанада төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, бірегей өнімдерді дамыту және бәсекеге қабілетті өңірлік брендтер қалыптастыру. Жоба аясындағы қолдау кәсіпкерлерге өнімді тек жергілікті нарықта емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де танытуға мүмкіндік береді.



