Түркі әлемінің ортақ болашағы: Астанада маңызды панельдік жиын өтті
Елордада «Түркі әлемі диалогтары: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» тақырыбында халықаралық панельдік сессия өтті. Жиында түркі мемлекеттерінің өзара ықпалдастығы, ортақ әліпби, экономикалық және стратегиялық ынтымақтастық, цифрлық коммуникация мен Түркі әлемінің болашағы талқыланды.
Іс-шара 2026 жылғы 29–30 қазан күндері Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-ші ресми саммиті қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасы «Түркі әлемі диалогтары: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» тақырыбындағы панельдік жиындар топтамасын ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің астаналарында өткізуде.
Астанадағы жиын 4 қыркүйек күні Rixos Astana қонақүйінде өтті.
Панельдік сессияға ТМҰ-ға мүше және бақылаушы мемлекеттердің Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының өкілдері, мемлекеттік органдар мен сараптамалық-зерттеу институттарының басшылары мен сарапшылары, білім және ғылым саласының өкілдері, түрколог ғалымдар, медиа ұйымдарының басшылары мен журналистер, сондай-ақ түрік іскерлік ортасы мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиынның ашылу рәсімінде Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу сөз сөйледі.
Сондай-ақ Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасының басшысы, профессор Бурханеттин Дуранның видеоүндеуі көрсетілді.
Бурханеттин Дуран өз видеоүндеуінде Түркі әлемінің ортақ тарихы, тілі мен мәдени мұрасының маңызына тоқталып, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.
Бурханеттин Дуранның видеоүндеуі:
«Құрметті қатысушылар!
Ханымдар мен мырзалар!
Баршаңызға шын жүректен және зор құрметпен сәлемімді жолдаймын.
Елімізде өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті қарсаңында Коммуникациялар басқармасы тарапынан Түркі әлемінің астаналарында панельдік жиындар топтамасы ұйымдастырылуда.
Осы панельдік жиынға орай сіздермен видеоүндеу арқылы байланыс орнатқаныма аса қуаныштымын.
Қадірлі бауырларым!
Түркі әлемі туралы сөз қозғағанда, ортақ тарихымызбен біте қайнасқан тамыры терең Түркі өркениеті, сондай-ақ тілдік және мәдени кеңістігімізді меңзейміз.
Осы берік мұрамыз халықтарымызды тығыз байланыстырып қана қоймай, бүгінгі күнгі бағыт-бағдарымызды айқындап, келешек ортақ мақсаттарымызды қалыптастырады.
Түркі әлемінің болашағы терең бай мұрамыздан нәр алып, заман талабына сай өркендеу арқылы қалыптаспақ.
Өздеріңізге белгілі, бүгінде халықаралық жүйе барған сайын тереңдей түскен дағдарыстар, күшейген геосаяси бәсекелестік, жеткізу тізбектерінің осалдығы, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері, климаттың өзгеруі, ретсіз көші-қон, киберқауіптер мен жалған ақпарат секілді көпқырлы сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.
Осындай кезеңде Түркі әлемінің ортақ ұстаным мен өзара үйлесімді іс-қимыл негізінде әрекет етуі – тарих алдындағы жауапкершілігіміз бен уақыт талабынан туындайтын заңды қажеттілік.
Қазіргі жағдай өзара ынтымақтастығымызды анағұрлым берік әрі тиімді негізде нығайтуды талап етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Түркі мемлекеттері ұйымы – өңірлік бейбітшілікке үлес қосатын, өзара байланыстарды нығайтып, экономикалық дамуды қолдайтын және халықаралық ынтымақтастыққа ашық ұстанымды ілгерілететін ұйым.
Каспий арқылы өтетін Орта дәліз, энергетика және көлік желілері, сауда интеграциясы мен цифрлық экономика, жасанды интеллект, апаттар мен төтенше жағдайларды басқару сынды көптеген салада дамып келе жатқан серіктестік Түркі әлемінің зор әлеуетін нақты көрсетеді.
Қадірлі бауырларым!
Осы орайда медиа және коммуникация саласындағы ынтымақтастықтың да стратегиялық маңызы зор.
Цифрлық дәуір бізге мол мүмкіндік бергенімен, ақиқатқа нұқсан келтіретін жаңа қауіп-қатерлерді де ала келді.
Жалған ақпарат, өшпенділік тілі мен цифрлық манипуляция қоғамымыздың тыныштығына, мемлекеттік институттарға деген сенімге және елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа кері әсер етуі мүмкін.
Сондықтан Түркі мемлекеттері ретінде медиа және коммуникация саласындағы ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, ақпарат пен тәжірибе алмасуды арттыруымыз, ортақ платформаларды дамытуымыз және әсіресе дағдарыс кезеңдеріндегі коммуникациялық әлеуетімізді күшейтуіміз қажет.
Осыған байланысты, Түркі мемлекеттері ретінде медиа және коммуникация саласындағы ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, ақпарат пен тәжірибе алмасу аясын кеңейту, ортақ платформаларды дамыту, әсіресе дағдарыс кезеңдеріндегі коммуникация әлеуетін арттыру қажет.
Ортақ тілімізді, мәдени мұрамыз бен өркениеттік құндылықтарымызды цифрлық кеңістікте кеңінен танытудың да маңызы зор.
Жасанды интеллект пен жаңа коммуникациялық технологиялар – біз тек бақылап отыратын жаңалықтар емес, бірлесе отырып бағыт-бағдар берілуі тиіс салалар.
Өзімізге тән ұғымдарымыз бен ортақ тарихымызды цифрлық келешекпен ұштастыра алған сайын, жаһандық жүйеде ықпалы мен салмағы зор күшке айнала аламыз.
Құрметті қатысушылар!
Жақын арада, нақты айтқанда, Республикамыздың құрылған күні — 29 қазанда еліміз төрінде Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 13-ші отырысы, ал 30 қазанда Мемлекет басшыларының саммиті өтеді.
Аталған маңызды кездесулер елдеріміздің бірлесе ілгерілеу жолындағы жаңа белес болмақ.
Саммит аясында төрағалықты қабылдайтын Түркия Түркі әлемінің институционалдық ықпалдастығын нығайтып, жаһандық деңгейдегі беделін одан әрі арттыруға ниетті.
Құрметті Президентіміз Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен Түркия Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» ұранын заман талабымен ұштастыруды көздейді.
Біз Түркі әлемінің мүддесін көздей отырып, өңірлік және жаһандық бейбітшілікке үлес қосу бағытындағы ұстанымымызды жалғастыра береміз.
Алдағы Анкара саммиті қарсаңында ұйымдастырылып отырған осы панельдер ортақ болашағымызға негіз болатын тың ойлар мен маңызды бастамаларға жол ашады деп кәміл сенемін.
Осы орайда бағдарламаларды ұйымдастыруға атсалысқан баршаға алғыс білдіремін. Жиындарымыз Түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағын нығайтып, ортақ болашаққа деген ұмтылысымызға үлес қосады деп сенемін.
Баршаңызға тағы да зор құрметімді білдіремін».
Панельдік сессия барысында сарапшылар ортақ түркі әліпбиіне көшу, тарих пен тілдің түркі халықтарын жақындастырудағы рөлі, экономикалық және стратегиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, ғылым докторы Талғат Молдабаев «Түркі әлемінің тұтастығындағы ортақ әліпби, тарих пен тілдің стратегиялық рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
Университет оқытушысы, ғылым кандидаты Жанат Момынқұлов «Түркі әлемінде сөзден нақты іске көшу: экономикалық және стратегиялық ынтымақтастық» тақырыбын қозғады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD, доцент Суат Бейлур академиялық, мәдени және кәсіби ұтқырлық мәселесіне тоқталды.
Ал Каппадокия университетінің ректоры, профессор Хасан Али Карасар ортақ тарихи естеліктерден стратегиялық әлеуетке дейінгі жол және белгісіздік дәуіріндегі Түркі әлемінің ортақ келешегі туралы пікір білдірді.
Жиын барысында Түркі мемлекеттері ұйымының институционалдық әлеуетін арттыру, экономикалық интеграция мен бірлескен инвестициялық тетіктерді дамыту, Орта дәліз арқылы көлік байланысын күшейту, білім, ғылым және технология салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері де сөз болды.
Сонымен қатар жастардың академиялық және кәсіби мобильдігін арттыру, тарихи-мәдени мұраны дәріптеу және Түркі әлемінің ортақ көзқарасын қалыптастырудағы қоғамдық дипломатияның рөлі талқыланды.
Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші ресми саммиті 29–30 қазан күндері Анкарада өтеді. 29 қазанда ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 13-ші отырысы, ал 30 қазанда мемлекет басшыларының саммиті ұйымдастырылады.



