Қоғам

Астанадан 190 сарбаз ҰҚК Шекара қызметіне аттанбақ

Биыл елордадан мерзімді әскери қызметке 1 400 жас жігіт аттанбақ. Оның 190-ы Қазақстанның мемлекеттік шекарасын күзететін ҰҚК Шекара қызметінің бөлімдерінде борышын өтейді.

Жас сарбаздардың бір бөлігі Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауылында орналасқан әскери бөлімде қызмет етеді. Бұл бөлімнің тарихы жарты ғасырдан асады және мемлекеттік шекараны қорғау бағытында маңызды міндеттер атқарады.

Жастарды шығарып салу рәсіміне Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері және әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Сапқа тұрған жастардың арасында 19 жастағы Берік Иноятов та бар. Ол биыл Астана қаласының Жоғары медициналық колледжін тәмамдаған. Берік әскери қызметті азаматтық міндет деп санайтынын айтып, шекарада қызмет етуге дайын екенін жеткізді.

Ал Серікболсын Айнабеков үшін бұл отбасындағы ерекше сәт. Оны әскерге шығарып салуға келген әжесі бұған дейін үлкен немересі Диасты да осы жерден Шекара қызметіне шығарып салғанын айтты. Диас әскери борышын аман-есен өтеп, елге оралған.

Іс-шара барысында әскери қызметтің жастар үшін жаңа тәжірибе мен жауапкершілік мектебі екені айтылды. Қызмет барысында сарбаздарға кредиттік демалыстар қарастырылған. Ал жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер запасқа шығарылғаннан кейін ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсу мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар әскери қызметін әрі қарай жалғастырғысы келетіндерге келісімшарт бойынша қызмет етуге мүмкіндік беріледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button