Қоғам

Астанада түнгі уақытта балалардың қауіпсіздігі бақылауда

Астананың Алматы ауданында кәмелетке толмағандардың кешкі және түнгі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық рейдтер өтіп жатыр. Іс-шаралар «Zhastarmen» акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылуда.

Рейдке полиция қызметкерлері, аудан әкімдігінің өкілдері және «Астана жастары» орталығының волонтерлері қатысуда. Негізгі мақсат – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.

Мобильді топтар компьютерлік клубтар, ойын алаңдары, кинорумдар мен ойын-сауық орындарын аралайды. Сонымен қатар көшелерде, саябақтар мен скверлерде профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

Алматы ауданы әкімінің аппараты әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Аида Меңдібаеваның айтуынша, рейдтер барысында жасөспірімдерге қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, ата-аналармен де профилактикалық әңгімелер жүргізіледі.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, сағат 22:00-ден кейін кинорумдар мен түнгі компьютерлік клубтар тексеріледі. Ал сағат 23:00-ден кейін көшелерде, саябақтар мен скверлерде рейдтер жалғасады.

Профилактикалық жұмыс мектептерде де жүргізіледі. 7–11 сынып оқушыларына түнгі уақытта қауіпсіздік талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру кездесулері ұйымдастырылады.

«Астана жастары» волонтерлері де рейдтерге қатысып, жасөспірімдермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандар ата-аналарға балаларымен ашық сөйлесіп, олардың қайда және кіммен жүргеніне назар аударуға шақырады.

Мұндай бірлескен шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ата-аналар мен жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button