Астананың ресми дизайн-коды бекітілді
Қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыратын ресми дизайн-код бекітілді. Құжат 11 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Дизайн-код ғимараттардың қасбеттері, сыртқы жарнама мен маңдайшалар, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру, көше жиһазы, аялдамалар мен навигацияға қойылатын талаптарды белгілейді.
Сонымен қатар қалада қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі навигация мен визуалды коммуникацияда қолданылатын Astana Type атты қалалық қаріп әзірленді.
Жаңа талаптар ағаш отырғызу, орындықтар мен жарық шамдарын орналастырудан бастап, көше кеңістігін ұйымдастыруға дейінгі мәселелерді қамтиды.
Қалалық Урбанистика орталығының мәліметінше, дизайн-код Астананың барлық бөлігін бірдей етуге емес, әр ауданның ерекшелігін сақтай отырып, қалаға үйлесімді әрі біртұтас стиль қалыптастыруға бағытталған.
Қолданыстағы нысандар үшін жаңа талаптарға бейімделуге 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін өтпелі кезең қарастырылған.



