Қазақы тазылардың арасынан ең мықтысы таңдалды

Астанада қазақы тазылардың тұқымдық сапасын бағалауға арналған «Қазақы тазы» моно тұқымдық көрмесі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Көрмеге қазақы тазылар қатысып, шетелдік сарапшылар мен кинологтарға ұлттық ит тұқымын таныстыруға мүмкіндік берілді. Сарапшылар иттердің тұқымдық ерекшеліктері мен белгіленген стандарттарға сәйкестігін бағалады. Талапқа сай келген тазылардың иелеріне халықаралық үлгідегі «Иттің шығу тегі туралы» куәлік берілді.
Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали бұл жұмыстың мақсаты үздік тазыларды анықтаумен шектелмей, тұқымды жүйелі түрде асылдандыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде ресми есепте 4 мыңнан астам тазы бар. Ал ауылдық жерлердегі есепке алынбаған иттерді қоса есептегенде, олардың саны 6–7 мыңға жетуі мүмкін.
«Тазы – тек ит тұқымы емес, көшпенділер тарихы мен мәдениетінің бір бөлігі», – деді ол.
Көрме барысында тазы тұқымын дамытуға үлес қосып жүрген мамандар марапатталды. Ал көрменің басты жүлдесін Қарағандыдан келген 79 жастағы Рамазан Есейовтің Елес есімді тазысы иеленді.
Тазы асыраумен алты жасынан айналысып келе жатқан Рамазан Есейовтің айтуынша, осы уақытқа дейін оның қолынан 50-60 тазы өткен. Ол бұған дейін Қазақстанда және шетелде өткен көрмелерден де жүлде алған.



