GreenLine деген не? Хан Шатырдың артында жаңа серуендеу орны пайда болды
Астанада тұрғындар серуендеп, табиғат аясында тынығатын жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. GreenLine желілік саябағын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Ұзындығы 2,3 шақырым болатын жасыл дәліз тұрғын үй кварталдарын жаяу жүргіншілер жолдары арқылы байланыстырып тұр.
Жаңа саябақтың басты ерекшелігі – табиғи ландшафт пен заманауи демалыс кеңістігінің үйлесім табуы. Мұнда ағаштар, бұталар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылып, жайлы әрі көрікті орта қалыптастырылған. Жасыл желектер әртүрлі деңгейде орналасып, серуендеу жолдарының бойында тұтас ландшафт түзеді.
GreenLine-ның басты көрікті орындарының бірі – каскадты сарқырама. Су жоғарыдан жасыл террасалар арқылы төмен қарай сатыланып ағып, ерекше көрініс қалыптастырады. Сарқыраманың айналасына ағаштар, бұталар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылған. Олар өскен сайын бұл аумақ қалың жасыл желекке оранып, саябақтың ерекше табиғи бұрышына айналады.
Каскадты сарқырама желекжолдың ортасында орналасқан. Су мен жер бедерінің үйлесімі бұл орынды серуендеп, тынығуға және әсем көріністі тамашалауға қолайлы етеді.
Саябақта балалар мен ересектердің демалуына барлық жағдай қарастырылған. GreenLine бойында тоғандар, балалар ойын алаңдары, серуендеу жолдары және тынығуға арналған түрлі орындар жасалды.
Жобаның негізгі мақсаты – тұрғын үй кварталдарын өзара байланыстырып қана қоймай, қала тұрғындарына табиғат аясында уақыт өткізуге мүмкіндік беретін қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру.
Ұзындығы 2,3 шақырымға созылған GreenLine енді тұрғындардың серуендеп, балаларымен демалып, қаланың қарбаласынан бір сәт тынығуына арналған жаңа орынға айналады. Ал уақыт өте келе жайқала түсетін жасыл желек пен каскадты сарқырама саябақтың көркін аша түспек.



