Астанада Тәуелсіздіктің 35 жылдығына дайындық басталды
Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мерекелік безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қала көшелеріне мемлекеттік тулар мен тақырыптық баннерлер ілініп, ғимараттардың қасбеттері мен LED-экрандарда мерекелік бейнероликтер көрсетіле бастаған.
Әкімдіктің мәліметінше, безендіру жұмыстары елорданың бірнеше аумағын қамтиды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған бейнелер қалалық 3D LED-экрандарда, шолу дөңгелегінде және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ғимаратының қасбетінде көрсетіліп жатыр.
Мерекелік дайындыққа сауда орталықтары да атсалысуда. Олардың ішкі экрандарынан ел тәуелсіздігіне арналған бейнематериалдар көрсетіледі.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы 2026 жылғы 16 желтоқсанда атап өтіледі.
Айта кетейік, биылғы мерейтой ел тарихындағы маңызды даталардың бірі. Осыған орай еліміздің өзге өңірлерінде де түрлі мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылуы күтіледі.



