«Book Cafe»: кітап пен дәм үйлескен ғажап орын
Астанада М. Нәрікбаев университетіне қарама-қарсы орналасқан бір ерекше орын бар. Ол — көптің сүйіктісіне айналған, жанға тыныштық сыйлайтын «Book Cafe» . Есіктен алғаш кірген сәттен-ақ бұл мекеннің концепциясы бірден сезілді. Әр бұрышында кітаптың иісі, сөрелерінде сансыз томдар, ал үстелдерде тыныштыққа толы шығармашылық көңіл күй.
«Book Cafe» — кітапсүйер жанның таптырмас орны. Мұнда келген адам бірден кофесін қолына алып, сөрелерді ақтарып, қалаған кітабын таңдай алады. Төмен дыбысты әуен, жылы жарық, кеңістіктің тыныштығы, барлығы кітапқа шомуға да, жұмыс істеуге де, жай ғана демалуға да таптырмас жағдай жасайды.
Кафенің ең сүйкімді, ең есте қаларлық деталі — қабырғаға салынған Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» шығармасының иллюстрациясы. Сол кішкентай ханзада мен оның жанындағы түлкі — бұл жердің жүрегі сияқты. Ішкі эстетикасы нәзік, әдемі әрі символикалық дәмі тіл үйіретін мәзір үшін «Book Cafe»-ге келетіндер қатары көбейіп келеді. Кафенің мәзірінде дәмсіз тағам жоқ десем, артық айтқанымыз емес. Мысалы тауық етінен азиат стильде қытырлақ қуырып, сәл ащылау, ерекше соус қосып ұсынады. Жанына күріш қоса береді. Дәмі жеңіл, бірақ есте қалардай ерекше.
Ал ең ғажабы — бататтан жасалған фри. Батат — Корея сияқты азиялық елдерде кең таралған тәтті қызыл картоп. Сол бататтан әзірленген фриді мұнда өте дәмді етіп дайындайды: сырты қытырлақ, іші жұмсақ, тәтті және дәмді. Ерекше бонустар мен сыйлықтар кафе қонақтарына деген жеке бір сүйкімді дәстүрмен жұмысын бастаған еді. Егер чек 15 мың теңгеден асса, үстелдегі тапсырыстарыңыз аяқталған соң, сізге бір кітап сыйлайды. Бұл кәдімгі маркетинг емес, шын мәнінде адамдарды кітапқа жақындататын тамаша мәдениет. Қазір уақыт өте келе бұл шарт аз ғана өзгеріп, чек 20 мың теңгеге көтерілді. Сонымен қатар арнайы бонус картасы беріледі. Онда әр келген сайын белгілі бір пайыз жиналып, кейінгі келерде қолдануға мүмкіндік бар. Ал картасының өзі қандай әдемі десеңші, онда да «Кішкентай ханзада» мен оның сенімді серігі түлкі бейнеленген.
«Book Cafe» әр барған сайын сол баяғы жылы күйін сақтайтын, әр кірген сайын жаңа кітап тауып беретін, дәмімен де, атмосферасымен де жалықтырмайтын ерекше орын. Бұл жерде отырып тамақтану ғана емес, өзіңе кішкене демалыс, тыныштық, шабыт сыйлайтынымен құнды. Астанада кітап пен кофені, эстетика мен дәмді бір кеңістікке әдемі үйлестірген мұндай орын көп емес. Сондықтан біз ең бірегейін ұсындық.
Әдемі демалысыңыздың себепкері болсын!
Мекенжайы: Мақсұт Нәрікбаев 22
Instagram желісінде: @bookcoffee.ast



