Парламент енді – Құрылтай

Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтай ел тарихындағы маңызды саяси бетбұрыстың куәсі болды. Мемлекет басшысы болашақ бір палаталы Парламентке «Құрылтай» атауын беру жөнінде нақты ұсыныс айтты. Бұл – жай ғана атау ауыстыру емес, саяси сананы жаңғыртудың символы.
Президенттің айтуынша, Құрылтай – қазаққа жақын, тарихи жадымен біте қайнасқан ұғым.
«Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Бұл атауды аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Жаңа Құрылтай 145 депутаттан тұрады, комитет саны 8-ден аспайды. Депутаттар пропорционалды жүйемен сайланады. Ең бастысы – сан емес, сапа. Президент бұл жөнінде:
«Мәселе – санда емес, сапада! Парламентте нағыз отаншыл, білікті азаматтар отыруы керек», – деп атап өтті.
Бұл өзгеріс заң шығарушы биліктің тиімділігін арттырып, қоғам мен билік арасындағы сенімді күшейтуді көздейді. Құрылтай – институт қана емес, ұлттық саясаттың жаңа кезеңі.



