Елімізде Вице-президент лауазымы қайта пайда болады

Қызылордадағы Құрылтайда Мемлекет басшысы күтпеген, бірақ стратегиялық маңызы бар ұсыныс жасады. Қазақстанда Вице-президент институтын енгізу жоспарланып отыр.
Вице-президентті Президент Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімімен тағайындайды. Ол халықаралық келіссөздерде ел атынан өкілдік етеді, Парламентпен жұмыс жүргізеді және қоғамдық ұйымдармен байланыс орнатады.
Президент бұл жаңашылдық басқару жүйесін тұрақтандыруға бағытталғанын айтты:
«Бұл қадам билік иерархиясын айқындайды және мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады».
Сонымен қатар кейбір аппараттық құрылымдар қысқарып, басқару вертикалі оңтайландырылады. Бұл — жауапкершілікті нақты бөлуге және шешім қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Президенттік басқару моделі сақталады, бірақ жүйе икемді әрі тиімді болмақ.



