Қоғам

Қауіпсіз интернет күні: TikTok Қазақстанда бір жарым миллионнан астам бейнероликті бұғаттады

Қысқа бейнероликтерге арналған TikTok платформасы пайдаланушылардың қауіпсіздігін басты құндылық ретінде қарастырып, шығармашылыққа қолайлы әрі сенімді орта қалыптастыруды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Платформада тәулік бойы, 24/7 режимінде жұмыс істейтін модерация жүйесі Қауымдастық ережелерін бұзатын контентті дер кезінде анықтап, жояды.

10 ақпанда бүкіл әлемде атап өтілетін Қауіпсіз интернет күніне орай TikTok 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы контентті модерациялау нәтижелерін жариялады. Бұл деректер платформаның жаһандық деңгейде де, Қазақстанда да қауіпсіздікке қаншалықты мән беретінін көрсетеді.

Есепке сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында әлем бойынша Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін 200 миллионнан астам бейнеролик жойылған. Контенттің басым бөлігі — 99,3%-ы — пайдаланушылар шағымданбас бұрын, алдын ала анықталып, өшірілген. Ал роликтердің 94,8%-ы жарияланған сәттен бастап алғашқы 24 сағат ішінде жойылған. Бұл TikTok-тағы қауіпсіздік жүйесінің тиімді әрі жедел жұмыс істейтінін айқын аңғартады.

Соңғы жылдары TikTok LIVE тікелей эфирлері де кеңінен танымал бола бастады. Бұл формат контент авторларына аудиториямен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бергенімен, платформа қауымдастық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. 2025 жылдың үшінші тоқсанында әлем бойынша Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін 32 миллионнан астам LIVE-трансляция бұғатталған.

Сонымен қатар TikTok тікелей эфирлердегі монетизация ережелерінің сақталуына қатысты бақылауды да күшейткен. Алдымен авторларға ескерту жіберіліп, контентті түзетуге мүмкіндік беріледі. Егер ереже бұзушылықтар жалғаса берсе, платформа монетизация функциясына қолжетімділікті шектеу шараларын қолданады. 2025 жылдың екінші тоқсанында мұндай шаралар 2,3 миллионнан астам тікелей эфир мен 1 миллионнан аса стримерге қатысты қолданылса, үшінші тоқсанда бұл көрсеткіш айтарлықтай өсті. Монетизация шектеуі қолданылған тікелей эфирлер саны 69%-ға артып, 3,9 миллионнан асты, ал шектеуге ұшыраған аккаунттар саны екі есеге жуық көбейіп, 2,1 миллионнан асты. Бұл TikTok-тың тікелей эфирлер қауіпсіздігіне деген тұрақты әрі жүйелі көзқарасын көрсетеді.

Қазақстандағы көрсеткіштер де айтарлықтай. 2025 жылдың үшінші тоқсанында елімізде Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін 1 567 613 бейнеролик жойылған. Бұл контенттің 99,7%-ы алдын ала, шағым түспей тұрып анықталған. Ал роликтердің 94,8%-ы жарияланғаннан кейін алғашқы тәулік ішінде өшірілген. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден де жоғары. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда 1,4 миллионнан астам бейнеролик жойылған болатын.

Осы деректер TikTok платформасының Қазақстандағы пайдаланушылар үшін қауіпсіз, сенімді цифрлық орта қалыптастыруға бағытталған жұмысының күшейіп келе жатқанын аңғартады. Қауіпсіз интернет күні аясында жарияланған бұл есеп цифрлық мәдениет пен жауапты контент тұтынудың маңызын тағы бір мәрте еске салады.

Айта кетейік, TikTok — қысқа бейнероликтерге арналған жетекші платформа. Платформаның басты миссиясы — адамдарды шығармашылыққа шабыттандыру және оларға қуаныш сыйлау.

Басқа жаңалықтар

Back to top button