
14 наурыз – қазақ халқы үшін ерекше мәнге ие күндердің бірі. Бұл күн халық арасында Көрісу күні немесе Амал күні деп аталады. Көрісу – тек амандасу ғана емес, адамдардың бір-біріне ізгі ниет білдіріп, өткен өкпе-ренішті ұмытып, жаңа кезеңді ақ көңілмен бастауға шақыратын терең мағыналы дәстүр.
Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы үшін қыс мезгілі ұзақ әрі ауыр болған. Қыстан аман-есен шыққан жұрт көктем келгенде бір-бірінің үйіне арнайы барып, хал-жағдай сұрасып, құшақтасып көріскен. Сол кезде үлкендерге құрмет көрсетіліп, «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!» деген жылы тілектер айтылған. Бұл – табиғаттың жаңарып, жаңа өмір кезеңінің басталуын білдіретін символдық сәт. 
Көрісу күні – адамдар арасындағы татулық пен сыйластықты нығайтатын ерекше дәстүр. Бұл күні туыстар мен көршілер бір-біріне қонаққа барып, ақ дастархан жайып, бата алып, ізгі тілектерін білдіреді. Әсіресе жастардың үлкендерге арнайы барып сәлем беруі – қазақы тәрбиенің көрінісі.
Тарихшылар мен этнографтардың айтуынша, көрісу дәстүрі қазақ даласында көктемнің келуімен тығыз байланысты. Қыстан кейін елдің бір-бірімен жүздесуі, амандық сұрасуы халықтың бірлігін күшейткен. Мысалы, этнограф Болат Бопайұлы көрісудің мәнін былай түсіндіреді:
«Көрісу – ең алдымен өкпе-ренішті артқа тастап, кішілердің үлкендерге ізет көрсетіп, бір-бірін көктемнің келуімен құттықтайтын тағылымы мол дәстүр» дейді. 
Ғалымдардың пікірінше, бұл күн тек мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтады.
Қазіргі уақытта Көрісу күні Қазақстанның көптеген өңірінде кеңінен атап өтіліп, Наурыз мейрамының бастауы ретінде қабылдана бастады. Әсіресе Батыс Қазақстан өңірлерінде бұл күн ежелден сақталған дәстүр ретінде ерекше құрметтеледі. 
Көрісу күні – адамдарды жақындастыратын, жүректерді табыстыратын мереке. Бұл күн әр адамға бір-біріне мейірім танытып, жақсы тілектер айтуға мүмкіндік береді.
Баршаңызды Көрісу күнімен құттықтаймыз!
Әр шаңыраққа амандық, молшылық пен береке тілейміз.
Жаңа жыл – жаңа үміт, жаңа қуаныш әкелсін!
Бір жасыңызбен!



