Мектеп тәлімгерлеріне арналған «Кітап оқитын ұлт» семинарлары басталды
Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында мектеп тәлімгерлеріне арналған оқыту семинарлары мен практикалық сабақтар ұйымдастырылып жатыр.
Жобаның негізгі мақсаты – оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиетке деген қызығушылықты арттыру және жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамыту.
Семинарлар барысында мектеп тәлімгерлеріне оқушыларды кітап оқуға ынталандырудың тиімді әдістері таныстырылады. Сонымен қатар оқу процесін қызықты ұйымдастыру, балалардың әдеби шығармаларды түсіну және талдау дағдыларын дамыту мәселелері қарастырылады.
Мұндай кездесулер педагогтердің тәжірибе алмасуына және мектептерде оқырмандық мәдениетті жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясындағы семинарлар елорда мектептерінде кезең-кезеңімен өткізіліп жатыр. Бастама оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың сөздік қорын байытуға, ойлау қабілеті мен дүниетанымын кеңейтуге бағытталған.



