Мәдениет

Валерий Меладзенің концертіне Қазақстанның әр өңірінен жанкүйерлер жиналды

Астанада өткен Валерий Меладзенің концертіне еліміздің түрлі өңірінен көрермендер келді. Концерт басталмай тұрып, арнайы елордаға ат басын бұрған қонақтар қала туралы әсерлерімен бөлісіп, сүйікті әншілерінің өнерін тамашалау үшін Астанаға жиі келетіндерін айтты.

Көрермендер елорданың жылдан-жылға өзгеріп, заманауи әрі көрікті қалаға айналып келе жатқанын атап өтті.

Атырау қаласынан келген Ақмарал Такишева Астанаға екінші жыл қатарынан концерт көруге арнайы келіп жүргенін жеткізді.

«Екінші жыл қатарынан концертке келіп жүрмін. Бүгін такси жүргізушісіне де жыл сайын келетінімді, бірақ әр келген сайын мүлде жаңа қалаға келгендей әсерде болатынымды айттым. Барлығы әдемі, заманауи. Маған қатты ұнайды», – деді ол.

Ал Өскемен қаласының тұрғыны Замзагүл Акенеева Валерий Меладзенің шығармашылығын бұрыннан жақсы көретінін айтып, сүйікті әншісінің концертін тамашалау үшін арнайы келген.

«Мен Өскеменнен Меладзенің концертіне арнайы келдім. Бұған дейін де оның концертіне қатысқанмын, өте қатты ұнады. Ол – менің сүйікті әншілерімнің бірі. Сонымен қатар қаланы көргім келді. Астана қатты көркейіпті. Әлемдік жұлдыздардың бізге келіп, концерт беруіне қуаныштымын. Бұған дейін Дженнифер Лопестің концертіне де барғанмын. Мүмкіндік болса, осындай концерттердің ешқайсысын жібермеуге тырысамын», – деп бөлісті Замзагүл Акенеева.

Көрермендердің айтуынша, Астанада өтетін ірі концерттер тек музыкалық кеш қана емес, өзге қалалардан келген қонақтар үшін елорданың тыныс-тіршілігімен танысуға да жақсы мүмкіндік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button