Самокат тепсең де айыппұл төлейсің

Астанада электр самокаттар енді кәдімгідей трендке айналды. Қазір олардың саны 10 мыңнан асып кеткен, соның 8 мыңы күнделікті қолданыста жүр. Жаңа әрі ыңғайлы көлік болғанымен, қауіп те артты.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері қалада 294 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Солардың 45-і электр самокаттардың қатысуымен болған, 50 адам жарақат алған. Абырой болғанда, адам өлімі тіркелмеген.
Ең жиі кездесетін бұзушылықтар:
– бір самокатқа екі адам міну
– жаяу жүргіншілер өткелінен түспей өту
– кәмелетке толмағандардың самокат айдауы
Бұндай әрекеттер жол қауіпсіздігіне қатер тудырады.
2023 жылдан бері электр самокаттар ресми түрде шағын көлік құралдары санатына жатқызылып, жол ережесін толық сақтау міндеті қойылған. Яғни шлем киіп, қараңғыда жарық элементтерін қолдану керек. Егер ереже сақтамасаң айыппұл арқалайсыз.
Ал 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап талаптар одан да қатаңдайды:
– самокатқа арнайы нөмір беріледі
– оларды тіркеу міндеттеледі
– 18 ге толмағандарға рұқсат жоқ
– жүргізуші куәлігі қажет
– операторға да жауапкершілік жүктеледі
Қауіпсіздікті қадағалау үшін «Сергек» жүйесі арқылы нөмірлерді автоматты түрде тану, құқық бұзушыларды анықтау жоспарда бар.
Қысқасы, самокат — ыңғайлы және жылдам көлік, бірақ ережені бұзсаң, айыппұл төлеуге дайын бол.



