Жалған ақпарат дәуірі: журналист жауапкершілігі қалай өзгерді?
Бүгінде жалған ақпарат тек медиа саласының мәселесі емес — ол қоғамдық тұрақтылыққа, ұлттық қауіпсіздікке және адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды факторға айналды. Цифрлық технологиялардың дамуы мен жасанды интеллект мүмкіндіктерінің артуы шынайы ақпарат пен фейкті ажыратуды бұрынғыдан да күрделендірді. Мұндай жағдайда журналистерге жүктелер жауапкершілік айтарлықтай өсті.
Осы өзекті мәселе Астанада өткен түркітілдес журналистердің дәстүрлі басқосуында кеңінен талқыланды. Іс-шара Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы алаңында, Түркияның Қазақстандағы елшілігі қолдауымен ұйымдастырылды. Биылғы кездесудің тақырыбы – «Жалған ақпарат дәуіріндегі БАҚ».
Жиын барысында сарапшылар фейк жаңалықтардың жаһандық деңгейден бастап, қоғам тұрақтылығына, отбасы құндылықтарына және балалар психологиясына дейінгі әсерін талқылады. Кездесуге дипломатиялық корпус өкілдері, Түркиядан келген мамандар және қазақстандық журналистер қатысты.
Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің байланыс жөніндегі кеңесшісі Хасан Кучуккандемирдезинформациямен күрестің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт тек жалған ақпаратты жоққа шығарумен шектелмейді, жүйелі әрі кешенді тәсілді қажет етеді. Түркияда осы мақсатта арнайы құрылымдар жұмыс істейді және халықаралық ынтымақтастыққа дайын.
Ал TRT телеарнасының өкілі Мехмет Чалышкан қазіргі медиадағы қауіптердің жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Оның сөзінше, жалған ақпарат пен киберманипуляциялар бүгінде халықаралық сипатқа ие. Сондықтан басты міндет – тексерілген әрі нақты ақпаратты мүмкіндігінше жедел жеткізу.
Журналист, «Aman bala» жобасының авторы Гүлмира Алякпарова фейк ақпараттың қоғамға тигізетін кері әсеріне тоқталды. Ол жалған мәліметтердің тек ақпараттық емес, ұлттық қауіпсіздікке дейін әсер ететінін атап өтті. Әсіресе, жасанды интеллект арқылы жасалған контенттің балалар үшін қауіпті екенін ескертті.
Жиында қазіргі журналистің рөлі де өзгергені айтылды. Бүгінде журналист тек ақпарат жеткізуші емес, сонымен қатар фактчекинг жүргізетін сарапшы әрі қоғам алдындағы жауапты тұлғаға айналып отыр.
Бұл мәселеге Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет назар аударған. Президент цифрлық технологияларды дамыту барысында ақпараттық қауіпсіздік пен қоғам мүддесін қорғау қатар жүруі тиіс екенін атап өткен.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары цифрлық сауаттылық пен ақпараттық гигиена қоғам үшін негізгі дағдылардың біріне айналады. Ал журналистер үшін басты міндет – шынайы ақпаратты уақтылы жеткізіп, қоғамды жалған мәліметтен қорғау.



