Биыл Астанада 50 көше жаңарады: Қай жерде кептеліс азаяды?
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек инстаграм парақшасында қалада жол жөндеу мен жаңа жол салу жұмыстары басталғанын айтты.

Күн жылына салысымен жолдарды жөндеу қолға алынған. Биыл шамамен 50 көше жөнделеді, жалпы ұзындығы — 60 км. Сонымен қатар шұңқырларды жамау, тротуарларды реттеу, жол белгілерін қою сияқты жұмыстар да қатар жүріп жатыр.
Сәуірден бастап бірнеше көшеде жұмыс басталды. Оның ішінде Кенесары, Республика, Ақан сері сияқты көшелер және Мәңгілік Ел даңғылы маңы бар.
Бейсекова мен Тілендиев көшелерінің қиылысында үлкен жол айрығы салынып жатыр. Оны жыл соңына дейін бітіру жоспарланған.
Қалада тағы бір маңызды өзгеріс — жаңа жолдар пайда болды. Мысалы, Шыңғыс Айтматов көшесі ашылып, негізгі даңғылдардағы кептеліс азайған.
Сондай-ақ, Тәуелсіздік даңғылы бойында үлкен, 8 жолақты жаңа магистраль салынып жатыр. Бұл жол іске қосылса, көлік қозғалысы әлдеқайда жеңілдейді.
Қысқасы, биыл қалада кептеліс мәселесін реттеуге қатты көңіл бөлініп жатыр.



