Астанадағы LRT-да ереже бұзғандар жауапқа тартылады

Астанадағы LRT-да кейбір жолаушылар қауіпті әрекеттер жасап, жүйенің жұмысына кедергі келтірген. CTS мәліметінше, адамдар себепсіз төтенше тежеу батырмасын басып, авариялық есік ашу жүйесін қосқан. Тіпті есікті күшпен ашуға тырысып, жабылуына әдейі бөгет жасағандар да болған.
Мәселе мынада — LRT толық автоматты жүйемен жұмыс істейді. Сондықтан мұндай әрекеттерді жүйе қауіп ретінде қабылдап, пойызды бірден тоқтатады. Артынша диспетчерлер бәрін қайта тексеруге мәжбүр болады. Соның кесірінен пойыздардың қозғалысы кешігеді.
Мамандар LRT желісінде жоғары кернеу барын ескертіп отыр. Яғни мұндай “әзілдер” өте қауіпті болуы мүмкін. Әр пойызда арнайы оператор болады, қажет жағдайда есікті тек сол маман ашады.
Айта кетейік, барлық станция мен вагонда камера орнатылған. Ереже бұзғандар анықталып, іс полицияға жіберіледі. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.



