Қолөнерден жасанды интеллектке дейін: UMAI форумы қалай өтті
Астанада Қазақстан әйелдерінің IX UMAI форумы өтті. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам кәсіпкер әйел қатысты. Форумда бизнес, жасанды интеллект, жеке бренд және әйелдердің даму мүмкіндіктері талқыланды.
20 мамыр күні Астанада Қазақстан әйелдерінің IX UMAI форумы өтті. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен 1000-нан астам кәсіпкер әйел қатысты.
Форум әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, бизнестегі жаңа мүмкіндіктерді талқылауға және әйелдерді қолдауға арналды. Қатысушылар цифрландыру, жасанды интеллект, көшбасшылық, бизнесті дамыту, жеке бренд және жұмыс пен өмір арасындағы тепе-теңдік тақырыптарын қозғады.
Форум тәжірибе алмасу, жаңа байланыстар орнату және кәсіби диалог алаңына айналды. Спикерлер қатарында кәсіпкерлер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері болды.
Сонымен қатар форум аясында «Анамның қолымен жасалған» көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген 45 қолөнерші мен кәсіпкер әйел қатысты. Олар ұлттық қолөнер бұйымдарын, қолдан жасалған өнімдер мен авторлық тауарларын ұсынды.
UMAI қорының негізін қалаушы Жәмилә Ерназарова бүгінде әйелдердің бизнеске белсенді араласып, түрлі салада жаңа жобалар бастап жатқанын айтты.
«UMAI форумы – әйелдерге қолдау, жаңа білім, пайдалы байланыс пен даму мүмкіндігін беретін алаң», — деді ол.



