Электронды әмиян арқылы табысын жасырғандар анықталуда
Астанада алимент төлемейтін азаматтарға қатысты қандай шаралар қабылданып жатқаны айтылды. Прокуратура мәліметінше, кейбір борышкерлер табысын электронды әмияндар арқылы жасырып, ресми жұмысқа тұрмайды және ақшасын құмар ойындарға жұмсайды.

Астанада алимент өндіру және балалардың құқықтарын қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды. Прокуратура мәліметінше, қарыздың негізгі себептерінің бірі – алимент төлеуден жалтару, табысты жасыру және ресми жұмыссыздық.
Прокурор Серік Бегежановтың айтуынша, кейбір борышкерлер табысын электронды әмияндар мен цифрлық сервистер арқылы жасырады. Сондай-ақ алимент орнына ақшаны құмар ойындарға жұмсайтын жағдайлар да кездеседі.
Соңғы бес жылда 667 борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қазір елде цифрлық бақылау күшейтілуде. Табысты, мүлікті және онлайн-платформалар арқылы түсетін кірісті анықтау үшін ақпараттық жүйелерді біріктіру жоспарланып отыр.
«Бұл шаралар алимент өндірудің тиімділігін арттырып, табысты жасыру мүмкіндігін азайтады», — деді спикер.
Прокуратура алимент төлемегені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.
Мамандардың айтуынша, алимент мәселесі тек қаржылық емес, әлеуметтік және психологиялық факторлармен де байланысты. Соған қарамастан, балалардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасады.



