Қазақстанда не өндіріледі? 600 бренд бір көрмеде бас қосты
Астанадағы EXPO көрме орталығында еліміздегі ең ірі отандық өндірушілер көрмесі Ulttyq Ónim – 2026 басталды. Биыл көрме бұрынғыдан да ауқымды өтіп жатыр.
Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында отандық өндірушілердің ең ірі көрмесі «Ulttyq Ónim – 2026» басталды.
Биылғы көрме жоба тарихындағы ең ауқымдысы болды. Көрмеге Қазақстанның барлық өңірінен келген 600-ден астам компания қатысып жатыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп.
Көрме алаңында жиһаз, киім, азық-түлік, өндірістік жабдықтар, экологиялық тұрмыстық химия және түрлі заманауи өндіріс өнімдері ұсынылған. Шара кәсіпкерлерді, инвесторларды, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін бір алаңда тоғыстырды.
Ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, мемлекеттік орган өкілдері және бизнес қауымдастық қатысты.
Көрме барысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің үндеуі оқылып, онда шағын және орта бизнесті дамыту мен отандық кәсіпкерлерді қолдаудың маңыздылығы атап өтілді.
Көрмеде мемлекеттік қолдау бағдарламаларына да ерекше назар аударылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, былтыр «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлікті қолдауға 560 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Соның арқасында 13 мыңға жуық жоба мемлекеттік қолдауға ие болған.
Көрмеде қазақстандық компаниялардың даму тарихы да таныстырылып жатыр. Мысалы, павлодарлық «Феникс» жиһаз фабрикасы мемлекеттік қолдау арқылы өндіріс көлемін ұлғайтып, қызметкерлер санын бірнеше есе арттырған. Ал Қарағанды облысындағы WEC TRADE компаниясы бүгінде өсімдік негізіндегі экологиялық тұрмыстық химия шығарады.
Сондай-ақ көрмеге ағынды суларды тазарту жүйелерін өндіретін TAZAU зауыты да қатысып жатыр. Компания Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де жобаларды жүзеге асырады.
Көрме 24 мамырға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде EXPO алаңында B2B-кездесулер, панельдік сессиялар, шеберлік сабақтары және қазақстандық бизнестің дамуына арналған түрлі талқылаулар өтеді.



