Астанадағы бір күндік «Еуропа»: EuroFest қалай өтті?
Астанада Еуропа күніне арналған EuroFest 2026 мәдени-отбасылық фестивалі өтті.
Астанадағы «Ғашықтар» саябағында Еуропа күніне арналған EuroFest 2026 мәдени-отбасылық фестивалі өтті.
Бір күнге саябақ аумағы ашық аспан астындағы үлкен еуропалық алаңға айналды. Қала тұрғындары мен қонақтарын жанды музыка, интерактивті аймақтар, түрлі мәдени бағдарламалар мен еуропалық атмосфера қарсы алды.
Фестиваль қонақтары Еуропа елдерінің мәдениетімен, дәстүрімен және ұлттық тағамдарымен танысты. Алаңда Еуроодақ елдерінің арнайы стендтері жұмыс істеп, онда тағамдар, сусындар, ойындар мен мәдени ерекшеліктер ұсынылды.
Фестивальдің ең көп назар аудартқан бөліктерінің бірі — концерттік бағдарлама болды. Сахнада испан фламенкосы, еуропалық музыкалық нөмірлер мен түрлі мәдени қойылымдар көрсетілді.
Балалар мен отбасылар үшін де арнайы ойын және шығармашылық аймақтар ұйымдастырылды. Қонақтар шеберлік сабақтарына қатысып, түрлі интерактивті бағдарламаларды тамашалады.
Сонымен қатар фестиваль қайырымдылық бағытта да өтті. Іс-шара барысында жиналған қаражат жергілікті қайырымдылық ұйымдарын қолдауға бағытталады.



