Көшеге қоқыс тастағандар бюджетке жарты миллиард теңгеге жуық қаржы түсірген

Айыппұл төлегіңіз келмесе – қоқысты арнайы жәшікке тастаңыз. Астанада қоғамдық орындарды ластаған азаматтарға қатысты бақылау күшейтілуде.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы көшеге қоқыс тастағаны үшін 13 276 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 446 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл – жарты миллиард теңгеге жуық қаржы.
Сонымен қатар, абаттандыру жұмыстарына зиян келтірген 31 952 адамға 53,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынса, көлікпен заңсыз қоқыс үйінділерін жасаған 43 құқық бұзушы 11 миллион теңге айыппұл төлеген.
Биыл да тәртіп бұзушылар азаймай отыр. 2026 жылдың басынан бері қоғамдық орындарды ластаудың 323 фактісі анықталып, 7,3 миллион теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, абаттандыру ережелерін бұзудың 18 мың жағдайы тіркеліп, 35 миллион теңге өндірілген.
Мамандар қала тұрғындарын тазалық мәдениетін сақтауға шақырады. Өйткені бір тал қоқыс жерге тастау қалтаға қомақты шығын әкелуі мүмкін.



