Қоғам

Пойыз қайда келе жатыр? Енді оны онлайн бақылауға болады

Вокзалға асығып бара жатып, «Пойызым кешігіп жатқан жоқ па?» деп алаңдайсыз ба? Енді оған жауап табу әлдеқайда оңай. Қазақстандық жолаушылар пойыздардың қозғалысын нақты уақыт режимінде онлайн бақылай алады.

Енді жолаушылар арнайы tablo-railways.kz сервисі арқылы пойыздың дәл қазіргі орнын картадан көруге, келу және кету уақытын тексеруге, маршруттағы барлық станцияларды, аялдау ұзақтығын және соңғы бағытқа жетудің болжамды уақытын білуге болады.

Бұл мүмкіндік әсіресе жазғы демалыс маусымында және мереке күндері өте пайдалы. Жолаушылар вокзалға шығатын уақытын тиімді жоспарлай алады. Сондай-ақ пойызбен келген туыстарын немесе қонақтарын қарсы алатындар үшін де ыңғайлы қызмет.

Онлайн-таблоға кіру үшін tablo-railways.kz сайтына өтіп, қажетті пойызды таңдау жеткілікті. Сонымен қатар сервиске bilet.railways.kz ресми сайтындағы «Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы» баннері арқылы да өтуге болады.

Мамандар жолаушыларға сапар алдында пойыздың қозғалысын тексеріп отыруға кеңес береді. Әсіресе әрі қарай басқа көлікке ауысу жоспарланған жағдайда немесе уақыт тығыз болса, бұл қызмет көп көмегін тигізеді.

Жүйе пойыздарға орнатылған GPS-трекерлер арқылы жұмыс істейді. Ақпарат автоматты түрде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Ахуалдық орталығына жіберіліп, құрамдардың қозғалысы тәулік бойы бақылауда болады.

Енді сапар алдында бірнеше минут бөліп, пойыздың қозғалысын онлайн тексерсеңіз, жолға да, уақытқа да сенімді боласыз.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button