Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне орай қандай шаралар өтеді?

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астанада кең көлемді мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтарын концерттер, көрмелер, патриоттық акциялар, спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар күтеді.
Мерекелік күн сағат 10:00-де «Менің рәміздерім – менің мақтанышым!» атты жалпы қалалық патриоттық челленджден басталады. Оның аясында елорданың барлық мекемесінде бір мезетте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
Қазірдің өзінде қалада дәстүрлі «Менің елім – менің Туым» акциясы өтіп жатыр. Тұрғын үйлердің қасбеттеріне Мемлекеттік Тулар ілініп, елорда ерекше мерекелік атмосфераға бөленді.
1-4 маусым аралығында қала тұрғындары архивтік құжаттардың бірегей көшпелі көрмесін тамашалай алады. Көрме 3 маусымда ЭКСПО аумағында, ал 4 маусымда Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағында ұйымдастырылады.
4 маусым күні кешкі сағат 19:00-де Есіл өзенінің жағалауында Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің Мемлекеттік Тумен салтанатты шеруі мен концерттік бағдарламасы өтеді.
Сол күні сағат 18:00-де Нұржол бульварында дәстүрлі «Көк байрақ астында» әдеби-музыкалық кеші ұйымдастырылады. Қонақтарды жанды музыка, поэзия және мемлекеттік туларды тарату акциясы күтеді.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар жастарды да қамтиды. «Замандас» жастар коворкинг-орталықтарында тіл және шешендік өнер сабақтары өтсе, Оқушылар сарайында «Менің Отаным – Қазақстан» интеллектуалдық квесті ұйымдастырылады.
Мерекелік бағдарлама аясында концерттер мен театр қойылымдары да ұсынылады. №2 музыка мектебінде «Ән жырыммен асқақтатам…» концерті өтсе, Жас көрерменнің музыкалық театры көрермен назарына «Шәмші» спектаклін ұсынады.
Сондай-ақ елорда аудандарында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жаңа абаттандырылған аула кеңістігі пайдалануға беріледі.
Осылайша Мемлекеттік рәміздер күні Астанада патриоттық рухты нығайтып, тұрғындарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін ауқымды мерекеге айналмақ.



