100-ге жуық коммуналдық қызметкер Әнұранды бірге орындады

Астанада Мемлекеттік рәміздер күні ерекше атмосферада аталып өтті. Елорданың символына айналған «Бәйтерек» монументі алаңында жүзге жуық коммуналдық қызметкер жиналып, Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын бірге орындады.
Бұл күні қала көшелерінің тазалығы үшін күн сайын еңбек ететін «Астана Тазалық» мекемесінің қызметкерлері жұмыс киімін киіп, елге деген құрметтерін ерекше форматта көрсетті.
Кәсіпорында бүгінде 1500-ден астам адам еңбек етеді. Олар таңнан кешке дейін елорданың тазалығы мен көркеюіне үлес қосып келеді. Ал мереке күні ұжым мүшелері бір сәтке күнделікті жұмыстан қол үзіп, мемлекеттік рәміздерге деген құрметтерін білдірді.
«Мұндай шаралар ұжымның бірлігін арттырып қана қоймай, жастарға үлгі болады. Әнұранды бірге орындау арқылы біз елімізге деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз», – дейді кәсіпорын өкілдері.
Алты жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан Айгерім Шілімбетованың айтуынша, Мемлекеттік Әнұранды жүздеген әріптеспен бірге орындау ерекше әсер сыйлаған.
Айта кетейік, патриоттық акцияның мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру, отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы бірлікті нығайту. Шара соңында қатысушылар барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.



