Архивтер жасанды интеллект дәуіріне қадам басты

Архив енді тек құжат сақтайтын орын ғана емес. Астанадағы Digital Archive EXPO көрмесінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві жасанды интеллект негізінде әзірленген бірнеше цифрлық шешімін таныстырды.
Олардың қатарында архив қорларының цифрлық картасын жасап, сақтау жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін AI Geotopography жүйесі бар. Ал AI Archival Recognition System қазақ және орыс тілдеріндегі құжаттарды автоматты түрде танып, өңдеу жылдамдығын бірнеше есе арттырады.
Сондай-ақ көрмеде архив деректеріне сүйеніп жауап беретін AI Mura виртуалды гиді және құжаттарды бастапқы сараптауға көмектесетін QuralAI Assistant интеллектуалды көмекшісі таныстырылды.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, бұл технологиялар архив мамандарын алмастыру үшін емес, олардың жұмысын жеңілдетіп, уақытты үнемдеу үшін жасалған.



