Екі адамға бір самокат: полиция қауіпсіздік туралы еске салды
Электросамокатпен жүру ыңғайлы болғанымен, қауіпсіздік талаптарын ұмытпау маңызды. Полиция тұрғындарға негізгі ережелерді тағы бір мәрте еске салды.

Жыл басынан бері Астанада электросамокат пайдаланушыларының қатысуымен 1200-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында бір самокатқа екі адамның мінуі, қозғалыс кезінде телефон немесе құлаққап пайдалану, жылдамдықты асыру және қауіпті маневр жасау бар.
Полиция өкілдері жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде самокаттан түсіп, оны қолмен алып жүру қажеттігін де еске салды.
Сонымен қатар жалға берілетін самокаттарды рұқсат етілмеген жерлерге қалдыру мәселесі де өзекті болып отыр. Жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретін самокаттар арнайы тұрақтарға эвакуацияланады.
Құқық қорғау органдары жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өз жауапкершілігін ұмытпауға шақырады.



