1 шілдеден бастап аулада көлік қоюға тыйым салына ма?
Әлеуметтік желілерде 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің ауласында көлік қоюға тыйым салынатыны туралы ақпарат тарады. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде тараған тұрғын үйлердің ауласында көлік қоюға қатысты ақпаратқа түсініктеме берді.
Мәліметке сәйкес, 1 шілдеден бастап көлік құралдарын аулаларда қоюға тыйым салатын қандай да бір жаңа норма енгізілмейді. Жол жүрісі қағидаларына бұл мәселеге қатысты өзгерістер енгізілмеген.
Сонымен қатар министрлік қолданыстағы талаптарды еске салды. Оларға сәйкес көлік құралдарын гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға тыйым салынады.
«Көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қоюға қатысты талаптар бұрынғыдай өзгеріссіз қалады», — деді ІІМ ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Министрлік жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, өзара құрмет танытуға және әсіресе жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.



