Астанада қайтарымсыз грантты кімдер ала алады?

2026 жылы грант көлемі 400 АЕК, яғни 1 730 000 теңгені құрайды. Қаражат жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға және шағын кәсіпті дамытуға қайтарымсыз негізде беріледі.
Грантты кімдер ала алады?
Өтінім беруге мына санаттағы азаматтар құқылы:
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- көпбалалы отбасылар;
- асыраушысынан айырылған азаматтар;
- мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар;
- қоныс аударушылар мен қандастар.
Үміткер өтінім берген кезде ресми жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе бір жылдан аз уақыт бұрын ашылған жеке кәсіпкерлігі болуы тиіс. Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтағаны туралы сертификаты және дайын бизнес-жоспары болуы міндетті.
Қаражатты неге жұмсауға болады?
Грант қаржысы кәсіпке қажетті құрал-жабдық, техника, мал, тұқым, көшет сатып алуға, өндірістік ғимаратты жалға алуға және жобаны іске асыруға қажетті басқа шығындарға бағытталады.
Ал тұрғын үй сатып алуға, жеке қажеттілікке, несие немесе қарыз өтеуге жұмсауға рұқсат етілмейді.
Кімдерге грант берілмейді?
Өтінім автоматты түрде қабылданбайды, егер:
- азаматтың ресми жұмысы болса;
- несиесі бойынша мерзімі өткен қарызы болса;
- бұрын мемлекеттік грант немесе микрокредит алған болса;
- банкрот деп танылса;
- зейнеткер болса;
- соңғы 6 айда жеке кәсіпкерлігін жапқан болса;
- лицензия қажет қызметке лицензиясы болмаса.
2026 жылғы жаңа талаптар
Биылдан бастап грант иегерлеріне қосымша міндеттемелер енгізілді:
- жобаға мониторинг жүргізу мерзімі 24 айға ұзартылды;
- алғашқы 18 ай ішінде кемінде бір жұмыс орнын ашып, Мансап орталығы жолдаған азаматты жұмысқа қабылдау қажет;
- екі жыл бойы әр үш ай сайын business.enbek.kz порталы арқылы есеп тапсыру міндеттелді;
- грант иегерлері мен олардың жобалары туралы мәліметтер жыл сайын ашық жарияланады.
Іріктеу қалай өтеді?
Конкурстық комиссияның құрамы әр кезең сайын жаңартылып отырады. Отырыстар ашық форматта өтіп, аудио және бейнежазбаға түсіріледі, сондай-ақ тікелей эфирде көрсетіледі. Бақылаушы ретінде депутаттар, БАҚ, қоғамдық ұйымдар және бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатыса алады.



