Қоғам

Курьер болып жұмыс істесе, жәрдемақыдан айырыла ма? Министрлік түсіндірді

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде декреттегі аналардың қосымша жұмыс істегені үшін жәрдемақысынан айырылуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Бұл мәселеге Еңбек министрлігі түсініктеме берді.

Қазақстанда бала күтіміне байланысты төлем алатын аналарға қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Ақпаратқа сәйкес, жұмыс істемейтін ата-аналарға төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Бала бір жарым жасқа толғанға дейін толық көлемде төленеді. Қосымша жұмыс істеу бұл төлемге әсер етпейді.

Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған. Оның мөлшері баланың туғанына дейінгі соңғы екі жылдағы орташа табыстың 40 пайызына тең.

Министрліктің мәліметінше, мұндай төлемдерді тоқтату тек алушының өз өтініші негізінде ғана жүзеге асады. Сондықтан қосымша жұмыс немесе курьерлік қызмет үшін төлемнен автоматты түрде айыру қарастырылмаған.

Осылайша, әлеуметтік желілерде тараған ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button