Қоғам

Астанада 11 полицейдің арманы орындалды

Астанада полиция қызметкерлеріне қызметтік пәтерлердің кілті салтанатты түрде табысталды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Әкімнің айтуынша, елордадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – қаланы дамытудың басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.

Өткен жылы Астана полициясының құрамына қосымша 175 штаттық бірлік бөлініп, 14 жаңа учаскелік полиция пункті ашылған. Сонымен қатар, тәртіп сақшыларына 200-ден астам қызметтік автокөлік тапсырылды.

Полицейлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы бірнеше жыл ішінде елордалық құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шамамен 100 қызметтік пәтер берілген.

Биыл кәсіби мереке қарсаңында қала тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларына тағы 11 пәтердің кілті табысталды. Жалпы, 2026 жылы полиция қызметкерлеріне 26 пәтер беру жоспарланған.

Жеңіс Қасымбек полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы қауіпсіздікті сақтаудағы еңбегі мен жауапкершілігіне алғыс білдірді. Сондай-ақ тәртіп сақшыларына мықты денсаулық, амандық және қызметтеріне табыс тіледі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button