Сарыарқа ауданы күннен-күнге көркейіп келеді
Сарыарқа ауданында соңғы жылдары көзге көрінетін өзгерістер көп. Жаңарған аулалар, жаңа ойын алаңдары, жасыл желек пен жайлы демалыс орындары тұрғындардың көңілінен шығып жатыр.
Өткен жылы мұнда 52 аула абаттандырылған. Балаларға арналған ойын алаңдары мен спорт алаңдары жаңартылып, қауіпсіз әрі заманауи жабындар төселген. Ал бос жатқан немесе ескі гараждар тұрған аумақтардың орнына тұрғындар серуендеп, демалатын жаңа кеңістіктер пайда болған.
Биыл да жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Жыл басынан бері 13 аула мен бір қоғамдық кеңістік жаңартылып, пайдалануға берілді. Жеңіс даңғылы бойындағы аулаларда алғаш рет экологиялық таза материалдардан жасалған жаңа ойын кешендері орнатылған.
Аудандағы ең ірі жобалардың бірі – Кенесары көшесін жаңғырту. Қазір мұнда жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтіріліп, жаңа жарық шамдары орнатылып жатыр.
Көгалдандыру жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Былтыр ауданға мыңдаған ағаш пен сәндік бұта отырғызылса, биыл тағы 25 мыңнан астам жасыл желек егу жоспарланған. Соның ішінде 2 мыңнан астамы – ағаш.
Қазірдің өзінде К.Күмісбеков көшесінің бойына жүздеген ағаш пен мыңдаған бұта отырғызылып үлгерді. Мұның бәрі ауданның ауасын жақсартып, көшелерді көріктендіруге бағытталған.
Сондай-ақ қоғамдық көлікке қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Бүгінде Сарыарқа ауданында 85 жылы аялдама бар. Оның 15-і өткен жылы орнатылған.
Қысқасы, Сарыарқа ауданында жаңа аулалар көбейіп, жасыл желек артып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр.



