Қоғам

Астанада балабақшаға жолдама беру басталады: ата-аналар нені білуі керек?

1 шілдеден бастап Астанада 2026–2027 оқу жылына балабақшаларды топтастыру басталады.

Биыл 2-5 жас аралығындағы балалар үшін мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда 15 мыңға жуық орын қарастырылған. Мамандар ата-аналарға жүйені алдын ала тексеріп, қажетті дайындық жұмыстарын қазірден бастап аяқтауға кеңес береді.

Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаеваның айтуынша, жолдамалар INDIGO ақпараттық жүйесі арқылы толық автоматты түрде беріледі.

«Алдымен жолдамалар күту парағындағы балаларға ұсынылады. Балабақшада орын босаған кезде жүйе кезектегі бірінші өтініш берушіге автоматты түрде хабарлама жібереді. Егер бір күн ішінде жауап болмаса, ұсыныс келесі кезектегі азаматқа өтеді», – деді спикер.

Хабарлама алғаннан кейін ата-аналарға жолдаманы растауға немесе одан бас тартуға екі жұмыс күні беріледі. Бас тартқан жағдайда кезек жойылады. Ал белгіленген мерзімде жауап берілмесе, өтініш 28 күнтізбелік күнге белсенді емес мәртебеге ауысып, осы уақыт ішінде жолдама алу мүмкіндігінен айырылады.

Білім басқармасы ата-аналарға алдын ала:

  • ED24.kz қосымшасын жүктеуді;
  • INDIGO жүйесіндегі жеке кабинетті тексеруді;
  • өтініштің белсенді екеніне көз жеткізуді;
  • бірнеше мемлекеттік және жекеменшік балабақшаны алдын ала таңдауды ұсынады.

Балабақшаға қабылдау үшін 3×4 фотосурет, №065/у екпе картасы, №052-2/у «Баланың денсаулық паспорты» және №027/у медициналық анықтамасы қажет.

Басқарма жолдамаларды беру тәртібіне ешкімнің ықпал ете алмайтынын, барлық процесс автоматтандырылғанын еске салды.

Қосымша ақпаратты bilim.astana.kz және Indigo24.kz сайттарынан алуға болады. Кеңес беру телефондары:
8 (7172) 55-68-64, 55-72-49, 55-74-36, 55-68-74.

Басқа жаңалықтар

Back to top button