Қоғам

Кітап оқитын ұлт: қызығушылықты арттырудың жаңа тәсілдері қандай

Астанада өткен «Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстелде жастарды кітап оқуға баулу, ұлттық руханиятты нығайту және оқу мәдениетін дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар кітапқа қызығушылықты арттыру үшін нақты ынталандыру тетіктерін енгізу қажет екенін айтты.

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесудің басты тақырыбы кітап оқу мәдениетін дамыту, жастарды кітапқа жақындату және ұлттық руханиятты нығайту болды. Пікірталасқа ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахметов мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде күшейтіп жатқанын айтты.

«Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Алдағы уақытта жаңа форматтағы кітапханалар ашылып, бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады. Сонымен қатар «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы басталып, кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған ұлттық сыйлық тағайындалады», – деді Алмаз Мырзахметов.

Оның айтуынша, 2027 жылға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы қабылданады.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері әрі журналист Нұртөре Жүсіп кітап оқуды қоғамдағы ең беделді құндылықтардың біріне айналдыру қажет екенін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын бекітті. Ендігі мақсат – оқитын, ойлайтын, озық ұлт қалыптастыру. Ол үшін кітап оқуды тек насихаттап қана қоймай, нақты қолдау тетіктерімен ынталандыру қажет», – деді Нұртөре Жүсіп.

Қандай шешімдер ұсынылды?

Мемлекет қандай жұмыстарды қолға алды?

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахметов бүгінде кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналғанын айтты.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес алдағы жылдары бұл бағытта бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылады.

Атап айтқанда:

  • елімізде жаңа форматтағы заманауи кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер ашылады;
  • 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін республикалық «Жылдың 10 оқырманы» жобасы іске қосылады;
  • 2027 жылға дейін бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы құрылады;
  • кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы әзірленеді;
  • «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң қабылданады;
  • кітап оқуды дамытуға үлес қосқан азаматтарға арналған Ұлттық сыйлық тағайындалады;
  • ұлттық әдебиетті ел ішінде және шетелде насихаттау жұмыстары күшейтіледі.

«Бұл бастамалардың барлығы кітапты тек білім көзі ғана емес, қоғамның интеллектуалдық дамуының маңызды құралы ретінде қалыптастыруға бағытталған», – деді Алмаз Мырзахметов.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері, журналист Нұртөре Жүсіп жастарды кітап оқуға мәжбүрлеу мүмкін емес екенін айтып, ең тиімді жол – ынталандыру жүйесін қалыптастыру екенін жеткізді.

Ол бірнеше нақты ұсыныс айтты:

  • көп кітап оқитын оқушыларға спорт секциялары мен түрлі үйірмелерге тегін жолдама беру;
  • белсенді оқырман студенттерге қоғамдық көлік, бассейн және байланыс қызметтеріне жеңілдіктер қарастыру;
  • оқылған кітаптар бойынша арнайы тестілеу жүйесін енгізу;
  • үздік оқырмандарға жазғы демалыс лагерлеріне, пойыз және әуе билеттеріне жеңілдіктер ұсыну;
  • өңірлік және республикалық кітап оқу байқауларын тұрақты өткізу;
  • «Ең үздік оқырман» секілді арнайы марапаттар тағайындау.

«Балаларды “міндетті түрде оқы” деп емес, кітап оқудың нақты пайдасын сезіндіретін жүйе арқылы қызықтыру керек. Сонда ғана оқитын ұлт қалыптастыра аламыз», – деді Нұртөре Жүсіп.

Жиын соңында қатысушылар оқырман ұлт қалыптастыру тек кітапханалардың немесе мектептердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Ал Астанада өткен бұл кездесу кітап оқу мәдениетін дамыту жолындағы нақты ұсыныстар айтылған маңызды пікірталас алаңына айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button