Қоқысты сұрыптасаңыз – аулаңыз көркейеді: «Таза үй – Таза Ел» жобасы кеңейіп жатыр

Астанада тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды өз ауласында-ақ сұрыптап тапсыруға мүмкіндік беретін «Таза үй – Таза Ел» экологиялық жобасы ауқымын кеңейтуде. Жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Бастапқы кезеңде қалдықтарды бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер «Көктал 2», «Ақтілек», «Бақыт Премиум», «Crocus City», «Бұқар Жырау», «Республика», «Sat City» және «Степной» тұрғын үй кешендеріне орнатылған болатын. Енді жоба кезең-кезеңімен кеңейіп, тағы 42 тұрғын үй кешенін қамтымақ.
Тұрғындар арнайы контейнерлерге пластик, қағаз және шыны қалдықтарын өткізе алады. Мамандар қайта өңдеуге жіберілетін қалдықтардың алдын ала сұрыпталып, таза күйінде тапсырылуы маңызды екенін айтады. Жиналған шикізат қазақстандық қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіліп, жаңа өнім шығаруға пайдаланылады. Бұл полигондарға түсетін қоқыс көлемін азайтып, қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – тұрғын үй кешендері өткізілген қайталама шикізат үшін қаржы алады. Бұл қаражатты тұрғындар мен үйді басқару ұйымдары ортақ шешіммен балалар алаңын жаңартуға, аумақты абаттандыруға, қажетті жабдықтар сатып алуға немесе басқа да пайдалы бастамаларға жұмсай алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза үй – Таза Ел» жобасы қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға әр адамның үлес қосуына мүмкіндік береді.



