«Астана-1» вокзалының жаңа келбеті қандай болады?
«Астана-1» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарының 41 пайызы аяқталды. Құрылыс барысын Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов арнайы барып тексерді.
«Астана-1» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары 41%-ға орындалды. Құрылыс алаңына барған Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов жобаның жүзеге асу барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында вице-министр мердігер ұйымның, жобалаушылардың және техникалық қадағалау өкілдерінің есебін тыңдады.
Қазіргі таңда ғимараттың қаңқасы мен шатыры толық аяқталған. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, электрмен жабдықтау, жылыту, желдету, сумен жабдықтау және басқа да инженерлік жүйелер орнатылып жатыр.
Сонымен қатар жолаушылар платформасы, конкорс өткелі салынып, вокзал маңындағы аумақ абаттандырылуда.
Жаңғырту аяқталғаннан кейін вокзалдың жалпы аумағы 8 409 шаршы метрді құрайды.
Нысанды аралау қорытындысы бойынша Жәнібек Тайжанов мердігер ұйымға құрылыс қарқынын күшейтіп, жұмыстардың сапасын қатаң бақылауды тапсырды.
Айта кетейік, «Астана-1» вокзалын жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.



