Қоғам
Астана әуежайының Т2 терминалына апаратын негізгі жол қайта ашылды

Астана халықаралық әуежайының Т2 терминалы алдындағы жолаушыларды отырғызу және түсіру аймағына апаратын негізгі кіреберіс қайта пайдалануға берілді.
Енді жүргізушілер жабық автотұрақ пен LRT станциясының арасындағы негізгі жол арқылы емін-еркін қатынай алады. Бұл жолаушыларды әуежайға жеткізу мен қарсы алуды әлдеқайда ыңғайлы әрі жылдам етеді.
Әуежай әкімшілігінің мәліметінше, көлік қозғалысы жаңартылған схема бойынша ұйымдастырылған. Осыған байланысты жүргізушілерге қозғалыстың жаңа бағытын алдын ала қарап, жол белгілеріне назар аудару ұсынылады.
Жаңартылған кіреберістің ашылуы Т2 терминалы аумағындағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, жолаушылар мен жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.



