Қоғам

ҚР ОСК «Ауыл» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімін ресми тіркеді

Бүгін Астанада 2026 жылғы 23 тамызда өтетін ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында Орталық сайлау комиссиясының тоғызыншы отырысы өтті. Отырыс жұмысына «Ауыл» партиясының Төрағасы Қайрат Айтуғанов және партия өкілдері, халықаралық байқаушылар, Бас прокуратура, Ішкі істер және сыртқы істер, қаржы, әділет министрліктерінің өкілдері қатысты.

Қазіргі таңда тіркеу рәсімі толық аяқталды. Бұл – «Ауыл» партиясы үшін сайлау науқанының маңызды кезеңі. Партия атынан Құрылтай депутаттығына 69 кандидат ұсынылды. Кандидаттардың 42% агроөнеркәсіптік кешенде еңбек етеді. Олардың қатарында өңірлердің, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, кәсіпкерлік және басқа да салалардың өкілдері қамтылған.

«Біз барлық 20 өңірдің өкілдігін қамтамасыз еттік. Партиялық тізіміміздің құрамында елге еңбегі сіңген, абыройлы азаматтар баршылық. Олардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ері Эльмара Траисова, генерал-майор Қажғали Мұқатов бар. Алдымызда маңызды сайлау науқаны тұр. «Ауыл» партиясы сайлауға нақты бағдарламамен қатысады. Бағдарламамыз халықтың сұранысына негізделген. Оның толық нұсқасы 23 шілдеде партияның ресми сайтында жарияланады. Алдағы бір айда кандидаттар еліміздің барлық өңірін аралайды. Сайлаушылармен кездеседі. Халықтың пікірін тыңдайды. Әрбір ұсынысқа назар аударады. «Ауыл» партиясы әділ, ашық және бәсекелі сайлау науқанына толық дайын. Біз өз бағдарламамызға, кандидаттарымызға және халқымыздың қолдауына сенеміз! – деді «Ауыл» партиясының Төрағасы Қайрат Айтуғанов.

Кандидаттардың 71%-ын ер азаматтар, 29%-ын әйелдер құрайды. Кандидаттардың орташа жасы – 46 жас.    Сонымен қатар тізімге 6 мүгедектігі бар азамат енгізілген. Кандидаттардың басым бөлігі – еңбек тәжірибесі мол, 35–55 жас аралығындағы азаматтар.

Алдағы уақытта партия өз бағдарламасын таныстырып, елдің тұрақты дамуына, ауылдық аумақтарды өркендетуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларын ұсынады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button