Қоғам
Көлік көбейді, нөмір азайды: Қазақстанда жаңа сериялар енгізіледі
Қазақстанда көлік саны жыл сайын артып келеді, ал мемлекеттік нөмірлерге арналған әріптік комбинациялар біртіндеп таусылып жатыр. Осыған байланысты ІІМ автонөмір беру қағидаларын жаңартып, жаңа серияларды енгізді, сондай-ақ жаңа облыстардың өңірлік кодтарын ресми түрде бекітті.

Қазақстанда мемлекеттік тіркеу нөмірлерін беру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңартылған талаптар шілде айының соңында күшіне енеді.
Негізгі өзгеріс – шетел азаматтары мен шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға тиесілі мотоциклдер, мопедтер, тіркемелер және жартылай тіркемелерге арналған нөмір серияларының кеңеюі. Бұған дейін тек H және F сериялары қолданылса, енді оларға G, I, J және K сериялары қосылады.
Ал жеңіл және жүк көліктеріне қатысты өзгеріс жоқ. Олар үшін бұрынғыдай F сериясы сақталады.
Сонымен қатар ІІМ 2022 жылдан бері резервте тұрған өңірлік кодтарды ресми түрде бекітті:
- 18 – Абай облысы;
- 19 – Жетісу облысы;
- 20 – Ұлытау облысы.
Бұдан бөлек, құжаттағы терминология да нақтыланды. «Шетелдіктер» деген сөз тіркесі «шетел азаматтары» деп өзгертілді.



