672
Елордада маса, шіркей және өзге де жәндіктердің санын азайтуға бағытталған ауқымды дезинсекциялық жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Қазіргі уақытта науқанның төртінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Осы уақытқа дейін мамандар 10 мың гектардан астам аумақты арнайы препараттармен өңдеген. Жұмыстар қаланың орталық бөлігінен басталып, кезең-кезеңімен шеткі аумақтарға қарай ығыстыру әдісімен жүргізілуде. Сонымен қатар жәндіктердің таралуын шектеу үшін қорғаныс белдеуі қалыптастырылады.
Дезинсекциялық шаралар күн сайын кешкі сағат 21:00-ден таңғы 05:00-ге дейін өткізіледі. Әр кезең 20 күнге созылады, ал маусым соңына дейін барлығы алты кезең өткізу жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, масалар табиғи экожүйенің құрамдас бөлігі болғандықтан, оларды толық жою мақсат етілмейді. Негізгі міндет – жәндіктердің санын қауіпсіз деңгейге дейін азайту. Қолданылып жатқан шаралардың нәтижесінде олардың популяциясын шамамен 90 пайызға дейін төмендетуге болады.
Өңдеу жұмыстарына механикалық роторлы бүріккіштер, арнайы дезинсекциялық техникалар, жетуі қиын қамысты аумақтарға арналған дрондар және ірі су айдындарын өңдеуге бейімделген қайықтар пайдаланылады. Науқанға арнайы оқытудан және қауіпсіздік бойынша нұсқамадан өткен 150-ден астам маман жұмылдырылған.
Әкімдік тұрғын үй қорына қызмет көрсететін басқарушы компанияларды, ПИК пен МИБ-ті, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа да мекемелерді жертөлелерді құрғатып, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге және оларды уақтылы дезинсекциялық өңдеуден өткізуге шақырды.
Мамандар өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқан уақытта тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын сақтауды ұсынады. Атап айтқанда, өңделіп жатқан аумақтарға бармаған жөн және жұмыс кезінде тұрғын үйлердің терезелерін жабық ұстау қажет.



