LRT-да затыңызды ұмытып кетсеңіз не істеу керек?
Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінде жеке заттарын ұмытып кеткен жолаушылар оларды бекеттердегі сақтау камералары арқылы қайтара алады. Бұл туралы City Transportation Systems (CTS) компаниясы мәлімдеді.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі LRT бекеттерінде жоғалған заттар бюросы немесе сақтау камераларының бар-жоғын сұраған. Компанияның түсіндіруінше, жүйедегі әрбір бекетте ұмытылған заттарды сақтауға арналған арнайы камера қарастырылған.
CTS мәліметінше, әр рейсте вагондарды тексеретін пойыз операторы жұмыс істейді. Егер қызметкер жолаушы қалдырып кеткен затты тапса, оны сақтау камерасына өткізеді. Сондықтан LRT вагонында жеке мүлкіңізді ұмытып кеткен жағдайда жақын маңдағы бекет қызметкерлеріне хабарласу жеткілікті. Олар затты іздеу және қайтару тәртібі бойынша қажетті ақпарат береді.
Компанияның айтуынша, жолаушылар көбіне сыртқы киімдерін, атап айтқанда күртеше мен жемпірді, сондай-ақ құлаққаптарды және ішінде жеке заттары бар пакеттерді ұмытып кетеді.
Еске салайық, Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесі бүгінде Tarlan Astana брендімен жұмыс істейді. Осы атаумен жаңа жол жүру карталарын шығару жоспарланғанымен, бұған дейін сатып алынған көлік карталары да өз күшінде қалып, пайдалануға жарамды болады.



