Басты жаңалық

Тамыздағы өзгерістерге толық шолуы: нені білу керек?

Тамыз айы қазақстандықтар үшін бірқатар маңызды өзгеріспен басталды. Осы айда алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді, мемлекеттік білім гранттарының иегерлері анықталады, смартфондарды сату тәртібі жаңарады, жүргізушілерге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Сонымен қатар алимент төлеудің жаңа тәртібі енгізіліп, жануарларға қатыгездік жасағандарға жаза күшейеді, ал елордадағы Tarlan Astana LRT желісінде жаңа тарифтер қолданысқа енгізілді. Тамыз айындағы басты жаңалықтарды бір материалға жинадық.

Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.

Еске салсақ, 1 шілдеден бастап республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Соған сәйкес Мәжіліс пен Сенаттың өкілеттігі тоқтатылып, олардың орнына бір палаталы Құрылтай құрылды.

Құрылтай құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді. Жаңа құрам жасақталғаннан кейін қолданыстағы Үкімет өз өкілеттігін тоқтатады.

Мемлекеттік білім гранттарының иегерлері белгілі болады

10 тамызға дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік білім гранттарының иегерлерінің тізімін жариялайды.

Биыл конкурсқа шамамен 127 мың өтініш қабылданды. Бакалавриатқа 75 мыңнан астам грант бөлінді. Оның басым бөлігі инженерлік және педагогикалық мамандықтарға бағытталған.

Колледждерге құжат қабылдау жалғасады

Тамыз айында колледждерге құжат қабылдау жалғасады.

Қабылдау мерзімі мамандыққа байланысты:

  • 10 тамызға дейін – педагогикалық және кейбір медициналық мамандықтар;
  • 15 тамызға дейін – 11-сыныптан кейінгі медициналық бағыттар;
  • 22 тамызға дейін – орта буын мамандықтары;
  • 27 тамызға дейін – жұмысшы біліктіліктері;
  • 20 қыркүйекке дейін – кешкі оқу бөлімі.

Құжаттарды eGov порталы немесе колледждің қабылдау комиссиясы арқылы тапсыруға болады.

Докторантураға қабылдау аяқталады

Тамызда докторантураға түсу емтихандары басталады.

Биылдан бастап талапкерлер ғылыми зерттеу жобасын (Research Proposal), зерттеу жоспарын, эссе және соңғы үш жылдағы ғылыми жарияланымдарының тізімін (бар болса) ұсынуы тиіс.

Жүргізушілерге жаңа талаптар енгізіледі

25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді.

Негізгі жаңалықтар:

  • 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтеді;
  • мас күйінде көлік жүргізуге қатысты қылмыстық іс үкімсіз тоқтатылса да, жүргізуші куәлігінен 8 жылға айырылады;
  • өрескел жол ережесін бұзған жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруы мүмкін.

Жануарларға қатыгездік жасағандарға жаза күшейеді

20 тамыздан бастап жануарларға қатыгездік жасағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.

Ең ауыр жағдайларда айыппұл көлемі 2 000 АЕК-ке дейін өсіп, бас бостандығынан айыру мерзімі үш жылға дейін ұлғаяды.

Инвалидтікті жақын туыстары рәсімдей алады

Тамыздан бастап комада жатқан 18 жастан асқан азаматтарға мүгедектікті жұбайы немесе жақын туыстары өз келісімінсіз рәсімдей алады.

Бұл үшін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жақын туысының өтініші жеткілікті болады.

Алимент арнайы шотқа аударылады

25 тамыздан бастап алимент арнайы банктік шоттарға ғана аударылады.

Мұндай шоттағы қаражатқа басқа берешектер бойынша тыйым салынбайды. Бұл қаражаттың тек балаға немесе асыраудағы адамға жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

450 мыңға жуық оқушыға материалдық көмек беріледі

1 тамыздан бастап әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына мектепке дайындалуға арналған жыл сайынғы көмек көрсетіледі.

Биыл шамамен 450 мың оқушыға қолдау беріледі.

Бір балаға берілетін ең төменгі төлем мөлшері – 50 851 теңге.

Tarlan Astana LRT желісінде жаңа тарифтер енгізілді

1 тамыздан бастап елордадағы Tarlan Astana LRT желісінде жаңа тарифтік жүйе іске қосылды.

Жолаушылар енді:

  • бір реттік билет;
  • 1, 3, 5, 10 және 15 күндік;
  • 1 және 3 айлық жол жүру билеттерін;
  • сондай-ақ 5, 10, 20 және 30 сапарға арналған тарифтерді пайдалана алады.

Әзірге бұл тарифтер тек LRT желісінде қолданылады. Кейін оларды автобус жүйесімен біріктіру жоспарланып отыр.

Астана әуежайындағы автотұрақ ақысы өзгерді

1 тамыздан бастап Астана халықаралық әуежайындағы қысқа мерзімді автотұрақ құны көтерілді.

Енді бір сағаттық тұрақ ақысы 300 теңгені құрайды.

Сонымен бірге тегін автотұрақ бұрынғыдай жұмысын жалғастырады.

Смартфондарды сату тәртібі өзгереді

20 тамыздан бастап смартфон сатушылар сатып алушыға құрылғының IMEI-кодын көрсетуге және оның міндетті верификациядан өткенін растауға міндетті.

Егер телефон талаптарға сәйкес келмесе, сатып алушы оны ауыстыруды, ақшасын қайтаруды немесе тегін жөндеуді талап ете алады.

Тамыздағы демалыс күндері

Биыл тамыз айында мемлекеттік мерекеге байланысты қосымша демалыс болмайды.

Бес күндік жұмыс аптасында 21 жұмыс күні және 10 демалыс күні, ал алты күндік жұмыс аптасында 26 жұмыс күні және 5 демалыс күні болады.

Дегенмен осы айда елімізде Теміржолшылар күні, Абай күні, Құрылысшылар күні, Спорт күні, Шахтер күні және басқа да кәсіби әрі атаулы күндер атап өтіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button