Қоғам

30 жобаға 3 млн теңгеден: JASTAR DAY-де жастарға грант табысталды

Астанада Халықаралық жастар күніне арналған JASTAR DAY фестивалі өтті. Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен шамамен 3 мың жас жиналып, 30 жобаға «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды.

Астанада Халықаралық жастар күніне орай JASTAR DAY фестивалі өтті. Бір алаңға Қазақстанның әр өңірінен келген шамамен 3 мың жас жиналды.

Фестивальге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді, мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Аида Балаева шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жастар күніне арналған үндеуін оқып берді. Президент өз үндеуінде жастарды қолдау мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Фестивальдің маңызды сәттерінің бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыстау рәсімі. Биыл ғылым, мәдениет, IT, медиа, бизнес және қоғамдық қызмет бағыттарындағы 30 жоба қолдауға ие болды. Әр жеңімпаз өз жобасын жүзеге асыруға 3 млн теңгеден алды.

Президент бастамасымен 2021 жылы құрылған грант осы уақытқа дейін 153 жас қазақстандыққа берілген.

JASTAR DAY бағдарламасында бұдан бөлек көшбасшылық, медиа, технология, өнер және әлеуметтік жобалар тақырыптарында спикерлер сөз сөйледі.

Ал кеш музыкалық бағдарламамен жалғасты. Сахнада Ersultan Omar, DANIAL, Еркебұлан & Бауыржан және басқа да қазақстандық орындаушылар өнер көрсетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button